Павлодарда ғалымдар табысты болудың құпиясымен бөлісті
Іс-шараға университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы мен жас ғалымдар, студенттер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапханананың оқу залында Қазақстан ғылымы күніне арналған «Биология, химия – болашақтың ғылымы, жастардың ғылымы» тақырыбында кеш өтті.
Кештің ұйымдастырушы және жүргізуші Е.Бекмаханов атындағы ғылыми кітапхананың кітапханашысы Фатима Мусина жиналғандарды құттықтап, осы мерекенің тойлану тарихына тоқталды.
Кездесуге қонақ ретінде биология ғылымдарының докторы, жаратылыстану жоғары мектебінің профессоры, «Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының» директоры, «Қазақстанның биология ғылымдары» журналының бас редакторы Бибігүл Жұмабекова, биология ғылымдарының магистрі, докторант, «Биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының» ғылыми қызметкері Михаил Клименко және доцент, химия ғылымдарының кандидаты Юрий Носенко шақырылды.
Кеш барысында студенттерге университет ғалымдары ғылыми зерттеулердің ерекше әлеміне енуге мүмкіндік берді. Бұдан бөлек, ғалымдар студенттермен өздерінің ғылыми жолының табысты болу құпияларымен бөлісті. Студенттер биоценология және экологиялық зерттеулер ғылыми орталығының ғылыми-зерттеу қызметінің миссиясы туралы қызықты мағлұматтар алды.
Сондай-ақ, ізденімпаз ғалымдар – жаратылыстану жоғары мектебінің «Биология», «Химия» білім беру бағдарламаларының студенттері Дильназ Базарбаева, Александра Губайдуллина, Әдемау Игенбаевалар баяндама жасап, өздерінің ғылыми жобалары туралы айтып берді.
Айта кетейік, кітапхана оқырмандары үшін «ППУ ғалымдарының еңбектері» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен қатар жиын барысында «Марғұлан университеті - ғылым мен білім ошағы» атты бейнеролик көрсетілді. Ғылымды насихаттауға қосқан үлесі үшін студенттерге сыйлықтар мен Алғыс хаттар табыс етілді.