Павлодарлық оқушылар робототехникадан халықаралық чемпионатта топ жарды
«Robotek Grand Tournament» додасына 400-ден астам жас техник қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шараны ұйымдастыруға «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы, «Астана Дарын» дарынды балалар мен дарынды жастарды анықтау және қолдау орталығы және «Robotek» робототехника мектебі атсалысты.
– Екі күнге созылған білім бәсекесінде еліміздің барлық аймақтарынан 175 команда, сондай-ақ Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Әзірбайжан және Түркиядан 45 команда бақ сынады. Халықаралық деңгейдегі жарыс жеті түрлі санат бойынша ұйымдастырылды. Павлодар өңірінен жалпы саны 22 оқушыдан тұратын 11 команда қатысып, жоғары дайындықтарын көрсетті, – деді облыстық білім беру басқармасының баспасөз қызметі.
Инженерлік шеберлік пен бағдарламалаудан өткен сында Баянауыл ауданының өрендері озық шықты. Атап айтқанда, З. Ақышев атындағы мектептің 9-сынып оқушылары Аманжол Нұрлыбекұлы мен Ақберен Пәзіл «В9» командасы құрамында алтын медаль жеңіп алды.
Облыс қоржыны қола жүлделермен де толықты. М.Ж. Көпейұлы атындағы мектептің оқушылары Төлебай мен Айару Хамза, сондай-ақ Ш. Шөкин атындағы мектептің намысын қорғаған Муслим Ерсін мен Алпамыс Хамза үшінші орынға табан тіреді.
Чемпионатты «Дарын» республикалық орталығы мен «Robotek» робототехника мектебі ұйымдастырды. Барлық номинация жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне бағалы сыйлықтар мен арнайы дипломдар табысталды.