Павлодарлық жастар жазды шығармашылық кешпен қарсы алды
«Jastar VIBE» жобасы аясында ұйымдастырылған «ЖасART» тақырыптық кеші жүздеген жастың басын қосты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ертіс жағалауында өткен шара жазғы маусымның ашылуына орай ұйымдастырылды. Кеш барысында жастар үшін шығармашылық, танымдық және ойын-сауық бағытындағы бірнеше алаң жұмыс істеді.

Павлодар облыстық аймақтық фронт-кеңсесі басшысының міндетін атқарушы Тамирис Бесеенованың пайымдауынша, аталмыш іс-шара үшін жағалау арнайы таңдалған.
– Жағалау – жастар ең көп жиналатын орындардың бірі. Қазір оқу жылы аяқталып, жастардың бос уақыты көбейді. Сондықтан олардың күнделікті серуенін пайдалы әрі қызықты белсенділіктермен толықтыруды жөн көрдік. Мұнда әркім өзіне ұнайтын бағытты таңдай алады, – деді Тамирис Бесеенова.
Оның айтуынша, фестивальдің бағдарламасы жастардың әртүрлі қызығушылықтарын ескере отырып әзірленді.
– Біз шығармашылықты да, спортты да, интеллектуалдық ойындарды да қамтуға тырыстық. Мақсатымыз – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру және олардың жаңа мүмкіндіктермен танысуына жағдай жасау, – деді Павлодар облыстық аймақтық фронт-кеңсесі басшысының міндетін атқарушы.
Жастар арасында үлкен танымалдыққа үстел ойындар алаңдары ие болды. Олар «Мафия», UNO, «Бункер», шахмат, Jenga және басқа да танымал ойындарды ойнап, жаңа таныстықтар орнатты. Ойын үстінде қатысушылар бір-бірімен еркін араласып, командалық жұмыс пен коммуникациялық дағдыларын дамытты.

Жағалаудағы арт-аймақта балалар мен жасөспірімдер сурет салып, үлкен баннерді бірге бояды. Әр қатысушы ортақ туындыға өз үлесін қосып, достық, бірлік және болашақ туралы ойларын бейнелеуге тырысты.
Кеш аясында жоғары оқу орындары мен жастар ұйымдары өз жобаларын таныстырды. Солардың қатарында Maker Space пен American Corner алаңы да болды.

Maker Space үйлестірушісі Ольга Грюкачтың айтуынша, жастар арасында ағылшын тілі мен жаңа технологияларға қызығушылық жоғары.
– Біз жастарға ағылшын тілін үйрену, робототехника және 3D модельдеу бағыттарын таныстырып жатырмыз. Келушілердің көбі тіл үйрену мүмкіндіктері мен 3D принтерде жасалған бұйымдарға қызығушылық танытады. Барлық қызметіміз тегін, – деді ол.
Шарада кәсіптік бағдар беру алаңы да ұйымдастырылды. Мұнда мектеп түлектері мен студенттер жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламалары, гранттар және студенттік өмір туралы ақпарат алды.
Сонымен қатар, жастар арасында фотобудка да ерекше сұранысқа ие болды. Павлодарлықтар естелік суретке түсіп, жарқын сәттерді қағазға басылған фотолар арқылы сақтап қалды. Ал арнайы безендірілген фотозона әлеуметтік желілерге арналған контент түсіретін жастардың сүйікті орнына айналды.

Қатысушылар блиц-сауалнамаға да белсенді қатысты. Сауалдардың бір бөлігі жастардың қызығушылықтарына арналса, енді бірі ата-аналардың пікірін анықтауға бағытталды. Ұйымдастырушылар ата-аналардан балаларының болашақта қандай маман болғанын қалайтынын сұрап, қазіргі қоғамдағы кәсіби бағдар тақырыбына назар аудартты.
Павлодар облысының жастар бастамаларын дамыту орталығының креативті жастармен жұмыс бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Аида Балтабаеваның айтуынша, жоба жаз бойы жалғасады.
– «Ертіс толқыны» – маусымдық жоба. Біз жаз бойы жастар үшін түрлі форматтағы кездесулер мен шығармашылық кештер ұйымдастырамыз. Биыл жастардың сұранысына, креативтілік пен цифрландыру бағытына ерекше көңіл бөлмекпіз, – деді ол.


Кеш соңында жас орындаушылар мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен концерт ұйымдастырылды. Әуен мен жастар энергиясы тоғысқан кеш павлодарлықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Алдағы уақытта жағалауда жастарға арналған жаңа форматтағы кездесулер, шығармашылық кештер мен интерактивті бағдарламалар өткізу жоспарланып отыр.