Тәрбие мен білім: Ақсудағы Аналар кеңесінің жұмысы айтылды
Қаладағы барлық мектепте Аналар кеңесі бар, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жастар орталығында өткен «Анаға тағзым» атты облыстық форумда Ақсу қаласының құрметті азаматы, Аналар кеңесінің төрайымы Рымкеш Сламбекова шаһарда жастардың тәрбиесі, олардың патриоттық сезімін ояту, халқына деген сыйластықты, қамқорлықты дамыту мақсатында ата-аналармен, оқушылармен әртүрлі конференциялар мен форумдар тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті.
– Көбінесе көпбалалы аналармен дөңгелек үстелдер өткізіп, пікір алмасамыз, – деді Рымкеш Сламбекова. – Қаланың барлық мектебінде Аналар кеңесі бар. Әр сыныптың ұл балаларымен жеке, қыздарымен де жеке жұмыс жасаймыз. Міндетті түрде психологтармен кездесулер ұйымдастырамыз. Әр отбасы әртүрлі. Сондықтан жеке жұмыс жасау маңызды.
Сонымен қатар, кеңес төрайымы шаңырақ иелері – ұлдарға әкелерімен және аталарымен бірге ананы, қыз баланы сыйлау туралы айтып, олармен түрлі тренингтар өткізілетінін айтты.