Павлодарда мүмкіндігі шектеулі балалар өнерлерін паш етті

Павлодарда мүмкіндігі шектеулі балалар өнерлерін паш етті
Фото: Есенжол Исабек

Өңірде «Үміт үзбеу» қоғамдық қорының 15 жылдық жұмысына арналған облыстық алғашқы гала-концерт өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Қордың негізін қалаушы әрі директоры Гаухар Омарова алғашқы күннен бастап өз миссиясын айқындады – балаларға тек медициналық көмек қана емес, толыққанды қоғам мүшесі болуға мүмкіндік беру.

15 жыл ішінде қордың бастамасымен көптеген қайырымдылық концерттері, акциялар мен жобалар жүзеге асты. Жиналған қаржыға 15 бала Қытай, Украина, Ресей, Үндістан елдерінде емделіп қайтты. Бұл – ата-аналар үшін үміт сыйлаған айрықша мүмкіндік болды.

Ерекше балалардың аналарын оқытуға арналған жоба да ұйымдастырылды. Негізгі бағыт – сал ауруы диагнозы бар балаларға арналған массаж тәсілдері. Кейін бұл аналар өз тәжірибесін басқа отбасыларға да үйрете бастады. Қор әрі қарай олардың кәсіби дамуына жағдай жасап, тігін, кесте тігу сынды қолөнерге үйретіп, жұмысқа орналастыруға көмектесті.

– Бүгінде бұл аналар тек өз балаларына ғана емес, өзгелерге де қолдау көрсете алатын дәрежеге жетті. Олар әлеуметтік тұрғыдан тәуелсіз бола бастады, – дейді Гаухар Омарова.

Жыл сайын жүздеген бала мерекелік іс-шараларға, мәдени серуендерге, шеберлік сабақтарына қатысып келеді. Әр іс-шараға 100-200 балаға дейін қатысып, олар үшін бейімделу мен достар табудың алаңына айналды.

Бүгінде қор мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс пен демеушілердің қолдауымен бірнеше маңызды бағытты жүзеге асыруда. Атап айтқанда, отбасындағы зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету. Бұл жоба әйелдер мен балаларды қорғауға бағытталған. 

– Мысалы, «Тәлімгерлік» бағдарламасы бойынша балалар үйінің тәрбиеленушілеріне 26 тәлімгер бекітілген. «Бұл балалар өзіне өмірлік жолсерік, сенімді дос тапты. Көпшілігінің тағдыры өзгерді, – дейді қор басшысы.

Қор қабілетті балаларды қолдау үшін фестивальдар мен көрмелер ұйымдастырады. Балалар сурет салып, қолөнер бұйымдарын жасап, ән айтып, би билеп, музыкалық аспаптарда ойнайды.

Мерейтой аясында өткен облыстық алғашқы гала-концертте балалар өз өнерлерін көпшілікке паш етті. Сахнаға әнші, биші, музыкант және суретші балалар шығып, жиналғандарға қуаныш сыйлады.

– Мен байқауға Абай Құнанбаевтың «Жасөспірім замандас» атты шығармасымен қатыстым. Оны таңдаған себебім – ақынның сыны тек өз дәуіріне ғана емес, бүгінгі қоғамға да қатысты. Қоғамда әлі де өзгермеген нәрселер бар екенін көрсетеді. Сондықтан Абайдың шығармасы бізге ой салады. Дайындық кезінде, әрине, қобалжыдым, бірақ анаммен бірге дайындалып, отбасым маған үлкен қолдау көрсетті. Сол сенім маған күш берді. Жалпы, менің ойымша, әрбір бала мен әрбір адамда талант бар, сол талантты әлемге көрсету керек. Осындай щаралар көбірек ұйымдастырылса, жастарға үлкен мүмкіндік болар еді, – дейді мүмкіндігі шектеулі жан, 20 жастағы Алтынбек Ерсінұлы.

Қор басшысы аталмыш концерт балалардың қоғамға еркін араласуының алғашқы үлкен қадамы екенін атап өтті. 

–  Біз оларға да тең мүмкіндік бергіміз келеді. Ең басты жетістік – балалардың көзіндегі қуаныш, аналардың сенімділігі. Біз осы жолда еңбектенуді жалғастырамыз, – деді Гаухар Омарова.

Ол жобаларды жүзеге асыруда қиындықтар аз емес екенін жасырмайды. Әсіресе, фестивальдер мен концерттерге көрермен тарту оңайға соқпайды. Соған қарамастан, 15 жыл бойы демеушілер мен серіктестердің арқасында «Үміт үзбеу» қоры жүздеген баланың өміріне үміт сыйлап келеді.