Павлодарлық орманшы әйел жиырма жыл ағаштарды күтумен айналысады

Павлодарлық орманшы әйел жиырма жыл ағаштарды күтумен айналысады
Фото: Константин Шелков

Шалдай орман шаруашылығында еңбек ететін Дариға Сапарованы әмбебап әйел деуге болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Жиырма жылға жуық жыл он екі ай өскіндерді өсіріп, күтіп, табиғатпен біте қайнасқан Дариға Сапарованың еңбегін атап өтуді жөн көрдік. 

Орманшы әйел жазда орман тұқымбағында, ал қыста ағаш тұқымын алумен айналысады. Айтуынша, екеуі де оңай емес, мол жауапкершілікті талап етеді.

– Мұнда жұмыс істеу қиын. Екінің бірінің қолынан келмейді. Тұқым алу үшін бұл жерде үнемі пеш жанып тұрады. Яғни, өте ыстық. Қондырғыға түскен қарағай бүршігін қатты күйдіріп алмау керек. Соны да қадағалап тұрамыз. Ол күйіп кетсе, тұқым да жарамай, сараптамадан өтпей қалады, – дейді  орман шаруашылығының қызметкері Дариға Сапарова.

Жаздың ыстығы мен күн райының түрлі қолайсыздығына қарамастан тұқымбақта көшеттерді сеуіп, оларды күтіп, баптап тиісті отырғызу материалына жеткізуде осы Дариға Сапаровамен оның әріптестерінің мойынында. Еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында кейіпкер бірнеше рет марапатқа ие болды. 

Орманшы әйел ер әріптестерін сұлулығы мен мейірімділігіне тәнті етуімен қатар, ең алдымен, еңбекші әрі үй шаруасындағы әйелге деген құрмет сезімін оятады. 

Айта кетейік, орман шаруашылығында әйелдер әсіресе көктем мен жазда көбейеді. Себебі көшеттерді отырғызудан бастап, олардың барлық күтімі нәзік жандылардың мойнында.

Сондай-ақ, қызмет барысында оларға ешкім «бұлар нәзік жандылар ғой» деп, жұмысын жеңілдетпейді. Орманшы қыз-келіншектер де ерлермен қатар иық тіресе еңбек етіп келеді. Нәтижесінде жер-жерде орман алқаптары көбейеді.