Павлодар облысында су тасқынынан зардап шеккендер коммуналдық төлемдерін кейін төлейді
Аталмыш шешімді ҚР Үкіметі қабылдады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
ҚР Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, еліміздің бірқатар аймақтарында су тасқыны жағдайына байланысты жергілікті ауқымдағы ТЖ режимі жалғасуда. Зардап шеккен қазақстандықтарға жан-жақты көмек көрсетілуде.
Кейінге қалдыру наурыз және сәуір айларындағы коммуналдық төлемдерді қамтиды. Төлемді тұтынушылар өсімпұлсыз кейінірек жүзеге асыра алады.
Су тасқынынан зардап шеккен тұтынушылардың тізімін (абоненттік нөмірлер) жергілікті атқарушы органдар қалыптастыратын болады.
Бұл тізімдер коммуналдық кәсіпорындарға жіберіледі, олар өз кезегінде коммуналдық төлемдерді кейінге қалдыру бойынша тиісті шараларды қабылдайды.
Барлық мәселелер бойынша су тасқынынан зардап шеккен Павлодар облысының тұрғындары табиғи монополияларды реттеу комитетінің өңірлік департаментіне жүгіне алады.