Павлодарлық погондағы қыздар құрамасы жауынгерлік қарудан оқ атудан чемпион атанды
Өскеменде «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының жауынгерлік қарудан оқ ату бойынша жеке-командалық біріншілігі өтті, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің мәліметінше, жарысқа өңірлік қолбасшылық бөлімдерінен 40-қа жуық құрама команда келді. Олар Макаров тапаншасы мен Калашников автоматынан, Драгунов снайперлік винтовкасынан ату бойынша мергендік шеберліктен сынға түсті.
Біріншілікке ерлермен қатар әйелдерден құралған әскери қызметкерлер де 25,100 және 300 метр қашықтыққа атудан нысанаға дәл тигізуге тырысты.
– Бұл жарыстың негізгі мақсаты – ағымдағы жылдың тамыз айында Қарағанды қаласында өтетін Ұлттық ұлан чемпионатында бақ сынайтын «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының құрамасын іріктеу, – дейді «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының дене дайындығы және спорт бастығы подполковник Бауыржан Дарыбаев.
Жарыс қорытындысы бойынша командалық есепте 5512 әскери бөлімінен келген павлодарлық құрама чемпион атанды. Ал, екінші орынды өскемендік 5518 әскер бөлімінің құрамасы жеңіп алса, қола жүлдені 3514 әскери бөлімінен жасақталған Курчатов құрамасы иеленді.