Павлодарлықтар этносаралық қатынастарды дамыту келешегін талқылады
Кездесуге қатысушылар бұл саланың жай-күйі жайлы сөз қозғады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан халқы қауымдастығы облыстық филиалының мүшелері республикалық ғылыми-тәжірибелік онлайн конференцияға қатысты. Жиналғандар алдында сенаторлар, ғалымдар, еліміздің ҚХА кеңесінің мүшелері, министрліктердің өкілдері сөз сөйледі. Олар этносаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясаттың жағдайы мен болашағын талқылады.
Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты директорының орынбасары Айгүл Сәдуақасова мемлекеттің татулығы келешек ұрпақта екенін атап өтті.
– Бүгінде әлеуметтік желілер әр адамның өмірінде маңызды рөл атқарады. Жаңа ұрпақ өсе келе, жаңа құндылықтар пайда болады. Бірақ біздің басты құндылығымыз – мемлекеттің татулығын сақтау және өзара этносаралық қатынастар мәдениетін нығайту, – дейді Айгүл Сәдуақасова.
Ал Мәдениет және ақпарат министрлігі қоғамдық этносаралық қатынастарды дамыту комитетінің төрағасы Ғалым Шойкин Қазақстан халқы Ассамблеясы институты өз жұмыстарын жоғары деңгейде атқарып жүргенін айтады.
– Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында мемлекеттің алдағы жылдарға арналған дамуының негізгі бағыттарын белгілеген: азаматтардың әл-ауқатын арттыруға жағдай жасау, әлеуметтік әділдікті қаматмасыз ету, – дейді Ғалым Шойкин. – Қазақстан халқы Ассамблеясы институты ұлтаралық оқиғалардың алдын алуда ерекше рөл атқарып, шиеленіс тудыруы мүмкін мәселелерді жедел анықтауда.
Аталмыш республикалық ғылыми-практикалық конференция барысында 10 шақты спикер өз баяндамаларын оқып, түрлі мәселелерді ортаға салды. Олардың ішінде Корея, Қырғызстан, Түркия, Қытай мемлекеттерінің өкілдері болды.