Білім берудегі коррупцияның ең төменгі көрсеткіші – Павлодар облысында

Білім берудегі коррупцияның ең төменгі көрсеткіші – Павлодар облысында

Бұл заманауи ақпараттық технологияларды енгізудің арқасында мүмкін болды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда облыс әкімі Асайын Байхановтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет мәселелері жөнінде облыстық комиссияның отырысы өтті. Комиссия жұмысына ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали қатысты. 

Ол мемлекеттің білім беру саласында қыруар қаржы бөлетіндігін ерекше атап өтті. Соңғы үш жылда 12 триллион теңгеден артық қаражат бөлінді, бұл барлық мемлекет шығыстарының үштен бір бөлігі.  

Алайда коррупция бұл саланың әрі қарай дамуын тежеуде. Соңғы үш жылда 453 құқық бұзушылық тіркеліп, 165 адам сотталды. Мемлекетке 11 миллиард теңге залал келтірілді. 

- Негізінде бюджеттік қаражат еңбекақы қоры арқылы жымқырылады, - деді Антикор басшысы. – Әуелден-ақ шектен тыс артық бюджеттік өтініштер толтырылады. Ақша таныс-тамырлар арқылы шығарылады. Барлығы 133 қылмыстық іс қозғалды.

Мұның бәрі біртұтас ақпараттық жүйенің жоқтығынан орын алуда. Осы орайда Асхат Жұмағали білім беру мекемелерінде бұлтты бухгалтерия жүйесін енгізген Павлодар облысының жетістігін жоғары бағалады. Соның арқасында өңіріміз білім берудегі сыбайлас жемқорлықтың ең төменгі деңгейі тіркелген облыс атанды. 

«Фаворит» жүйесі 2019 жылдан бастап енгізіле бастады. Бағдарламаны әзірлеуші фирма «Гелиос софт» ЖШС директоры Серік Ибраев айтып өткендей, пилоттық режимде екі балабақша, үш мектеп пен қалалық білім беру бөлімі сыналды. 

- Аталмыш нысандар жұмысының барлық аспектілері цифрландырылды. 2020 жылы жоба сәтті деп танылып, облыс әкімдігі оны өңірдегі барлық білім беру мекемелеріне таратуды тапсырды. 2021-2022 жылдары облыстың барлық мекемелері – 500 нысан жүйеге енді, - деді ол. 

«Фаворит» – білім беру нысандарында барлық бизнес-процестерді қамтитын кешенді жүйе. Оған бухгалтерлік есепті бюджеттеу мен қаржыландыру, сондай-ақ әрбір жұмыскердің жеке карталарын әзірлеу кіреді. Бұл Мемлекет басшысының елімізді отандық ақпараттық жүйелерімен қамту бойынша тапсырмасына сай жалғыз платформа. 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-әрекет агенттігінің төрағасы Асхат Жұмағали аталмыш жүйені жетілдіріп, оны 2023 жылдың желтоқсанында толығымен іске қосуды тапсырды. Кеңес барысында Павлодар облысының әкімдігі мен Антикор арасында сәйкес келісімге қол қойылды.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов білім беру басқармасына анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша анықтама дайындауды, мұғалімдердің тарифтік тізімдерін қосымша төлемдерін мониторингін жасауды және әкімшілік-шаруашылық штатына мониторинг жасауды бұйырды.

Фото: Константин Шелков