Сайлау: Павлодарда 85 жастағы қария таңғы алтыда келді

Сайлау: Павлодарда  85  жастағы қария таңғы алтыда келді

Зейнеткер таңсәріде № 40 сайлау учаскесінде болған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Я. Геринг көшесі, 78  мекенжайы бойынша орналасқан № 40 сайлау учаскесінің төрағасы Динара Байтілесованың айтуынша,  аталған учаскеде 2137  сайлаушы тіркелген.  Олардың үшеуі егде  жастағы адамдар үйден дауыс береді.  

– Учаске сағат таңғы жетіден бастап 20.00-ге дейін жұмыс істейді. Алғаш рет дауыс бергендерге сыйлық берілді. Бүгін таңсәріден сағат 6.30-да 85 жастағы қария жалғыз өзі келді. Оған орындық ұсынып, жайғастырып қойдық. Себебі, сайлау сағат жетіде басталатын соң зейнеткер күтіп отырды. Сағат жетіде Әнұран орындалғаннан кейін алғашқы болып дауыс берді және оған естелік сыйлық ұсындық, – дейді Динара Байтілесова.

Оның сөзінше, учаскеде барлығы он екі бақылаушы  бекітілген. Сағат 6.30-да ЕҚЫҰ  аудармашысымен бірге АҚШ-тың  Бостон қаласынан келген екі бақылаушы сағат тоғызға дейін отырған. 

Мүмкіндігі шектеулі жандарға барлық жағдай жасалған. Мұндай жандар үшін  компьютер қойылған арнайы лофт бұрышы мен кабина дайындалды. Көзі көрмейтін адамдарға Брайль шрифті бар пернетақта, нашар еститіндерге құлаққап пен аудиожазба ұсынылады. Тұрғындар боранға қарамастан белсенді келуде, – дейді Динара Байтілесова.

Естеріңізге сала кетейік, сағат 10.10-ғы жағдай бойынша Павлодар облысы 16,49 % көрсеткішпен таңертең дауыс берушілер саны бойынша көшбасшылар қатарында.