Жұбайынан айырылған павлодарлықтарды баспанамен жұбатады

24 мамырдан бастап баспанасы жоқ барлық ересек қазақстандықтар оған өтініш бере алады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы толық ақпаратты қалалық тұрғын-үй қатынастары бөлімінің басшысы Кенжегүл Жолжақсынова мен «Отбасы банкі» АҚ Павлодар филиалы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің басшысы Арман Нұрғаламов баяндады.
Мемлекет басшысының тұрғын үй заңнамасына енгізген түзетулерінің арқасында 24 мамырдан бастап тұрғын үй алғысы келетіндерді тіркеу, сондай-ақ оны үлестіру функциялары мемлекеттік органнан «Отбасы банкіне» берілді. Кенжегүл Жолжақсынованың айтуынша, мұның себебі банктерде қазақстандықтар туралы кең деректер базасы бар және осыған байланысты олар үшін бұл деректер көлемімен жұмыс істеу ыңғайлырақ.
– «Отбасы банкінің» «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» ақпараттық жүйесі азаматтарға қолжетімді болды. Ол orken.otbasybank.kz порталында орналасқан. Азаматтар 2025 жылғы 24 мамырда сағат 9.00-ден бастап осы платформада өтініш беріп, тұрғын үйге мұқтаждар ретінде тіркеле алады. Ол үшін сайтқа жарамды ЭЦҚ арқылы кіру қажет. 2025 жылдың 24 мамырына дейін қазақстандықтар жаңа orken.otbasybank.kz порталымен танысып, онда жарияланған ақпаратты зерттей алады, - деді Арман Нұрғаламов.
Бұл ретте kezekte.kz сайты 24 мамырға дейін жұмысын жалғастырады, содан кейін ондағы барлық деректер тек қарауға қолжетімді болады. Мемлекеттік орган деректер базасын orken.otbasybank.kz сайтына көшіруде. Бұрын kezekte.kz сайтында кезекте тұрғандарға orken.otbasybank.kz сайтында қайта тіркелудің қажеті жоқ. Жүйе 14 мемлекеттік деректер базасымен біріктірілген.
Кенжегүл Жолжақсынованың айтуынша, 24 мамырдан кейінгі жаңалықтар мұнымен бітпейді. Реформамен азаматтардың басымдықты санаттағы тұрғын үй алу құқығына бұрын белгілі болған ҰОС ардагерлеріне теңестірілгендер, басқа елдердегі соғыс қимылдарына қатысқан ардагерлерге, мүгедек балалары бар және оларды тәрбиелеп отырған отбасыларға, I және II санаттағы мүгедектерге, жесір ерлер мен әйелдер қосылды.
– Бұрын мұндай жәрдемақы алушылардың санаты болмаған, олар «Толық емес отбасылар» қатарына кіретін. Қазір олар жеке дара шығарылып, басымдық берілді. Бұл шағын санат, ата-анасыз қалған балалары бар отбасыларда бұрын оларға ешкім көмектесе алмаған, – дейді Кенжегүл Жолжақсынова.
2023 жылдан бері Павлодарда барлығы 600-ден астам адам әлеуметтік жалдамалы баспана алды, 16 мыңға жуық адам пәтер кезегінде тұр, оның ішінде 2,5 мың жетім балалар.
Тақырыпты Арман Нұрғаламов жалғастырды. Тұрғын үйге мұқтаж тұлға ретінде тіркелуге өтініш берген кезде жүйе өтініш берушінің шарттарға сәйкестігін автоматты түрде тексереді. Егер ол кәмелетке толған азамат болса және оның отбасы мүшелерімен соңғы бес жыл ішінде баспанасы болмаса, ол тізімге енгізіледі.
Азаматтарды тұрғын үйге мұқтаждар ретінде тіркеу мемлекеттік қызмет болып табылады. Оны ұсыну мерзімі – бір жұмыс күні. Өтініш беруші өтінішке сканерленген құжаттарды тіркеген жағдайларда (мысалы, тұрғын үйдің апатты екенін растайтын құжаттар) қызметті көрсету мерзімі үш жұмыс күнін құрайды. Яғни, азамат өтінішін демалыс күні берсе, онда тіркеу демалыс күнінен кейінгі жұмыс күні жүзеге асады.
Жүйе автоматты түрде жылжымайтын мүліктің бар-жоғын ғана емес, сонымен қатар тұрғын үйге мұқтаж адамның отбасылық жағдайын, мәртебесі мен санатын және т.б. тексеретін болады. Яғни, тұрғын үймен қамту орталығы жүйесінде өтініш берушінің цифрлық портреті құрастырылады. Бұл отбасының құқықтық және әлеуметтік жағдайын, табысын, қандай да бір әлеуметтік төлемдерді, зейнетақы немесе жәрдемақыларды алушы ма, баспанасы бар-жоғын білу үшін қажет. Осы деректер негізінде өтініш берушіге тұрғын үй мәселесін шешуде мемлекеттік қолдаудың түрлі шаралары одан әрі ұсынылады.