Павлодар облысының тұрғындарын қаңғыбас иттер мәселесі алаңдатуда

Павлодар облысының тұрғындарын қаңғыбас иттер мәселесі алаңдатуда
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Екібастұз бен Ақсуда иттерге арналған паналарды салу туралы ой туындады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аппарат отырысында Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қаңғыбас иттер мәселесін көтерді. Қазіргі кезде осы проблема көптеген тұрғындарды алаңдатып, шағымдар әлеуметтік желілерге тарап жатыр. Әкім жағдай көктем мен күзде ушығатынын айтты.

Осыған байланысты өңір басшысы қаңғыбас иттермен не істеу керектігін шешу үшін жоспар құруды тапсырды.

– Бұл жүйелі мәселеге кешенді батыл шешімдерді дайындап, ұсыныс ретінде кіргізіңіздер. Иттер мен мысықтарға арналған пана – бұл бір тәсіл. Екінші тәсілі – иттерге стерилизация жасау, оларды тіркеу. Үшінші – оларға ет алу деген әртүрлі мәселелер. Соны жан-жақтан қарап, мамандармен жоспарды бекітіндер, – деп тапсырды Асайын Байханов.

Иттерге арналған пана тек Павлодар қаласында ғана бар, барлығы дұрыс деңгейде ұйымдастырылған, жұмыс істеп жатыр. Өңір басшысы дәл осындай мекемелерді Екібастұз бен Ақсу қалаларына керек деп санайды.

– Мұны жақсылап қарастыру керек. Осы жұмыстардың бәрін 20 мамырға дейін бекітіп, қосымша баяндаңыздар, – деді әкім. – Ал аудандарға салайық десек, кейбір аудандар тіпті орналастыратын жерді көрмеген.

Еске сала кетейік, аппарат отырысында облыстың мал саны көп аймақтарына 33 мал қорымын салу жоспары талқыланған болатын.