Қазақ әні ұлттарды біріктірді: Павлодарда ерекше фестиваль өтті

Шаһардың «Достық үйінде» дәстүрге айналған патриоттық «Әнімді саған арнаймын – Қазақстан!» ән байқауы өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биылғы байқау Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығы мен Республика күніне арналды. Шараға Екібастұз, Железин, Успен, Шарбақты аудандарынан және облыстық этномәдени бірлестіктерден келген шығармашылық ұжымдар қатысты.
Белорус, қарашай-черкес, қабардин-балқар, поляк, украин, немiс, фин-угор, славян этномәдени бірлестіктері мен «Ассамблея жастары» мүшелері өз өнерлерін ортаға салды.
– Мұндай фестивальдер – мемлекеттік тілді үйренудің, ұлттық рухты сезінудің және халықтар достығын нығайтудың тиімді жолы. Ән арқылы қазақ тілін құрметтеп, үйренуге болады, – деді Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары Рамиль Смаилов.
Биыл фестиваль алғаш рет байқау форматында өтті. Ұжымдар арасында гран-при, үш жүлделі орын және екі арнайы номинация белгіленді.
Поляк этномәдени бірлестігінің «Нарцыс» ансамблі жаңа «Жаса, қазағым!» әнін орындап, ерекше әсер қалдырды. Ал Железин ауданының неміс этномәдени орталығының триосы «Бұл жаңа Қазақстан!» әнін қазақ тілінде шырқады.
Қорытынды бойынша финно-угор этномәдени бірлестігінің «Туған жер» ансамблі – «Өнерлі ұжым», «Лилэя» вокалдық тобы – «Көрермен көзайымы» номинациясын иеленді.
Үшінші орын – «Шабыт» ансамбліне (Екібастұз), екінші орын – «Нарцыс» ансамбліне (поляк орталығы), бірінші орын – Железин ауданының неміс этномәдени бірлестігіне бұйырды.
Байқаудың Гран-при жүлдесін «Надзея» вокалдық ансамблі жеңіп алды.