Павлодарлық оқушылар театр актерларымен кездесті
Жас өрендер қонақтарға өз қойылымдарын көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
М. Катаев атындағы оқушылар сарайында Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыкалы-драма театрының актерлері оқушылармен кездесті. Актер Бекнұр Дастан мен ҚР Мәдениет саласының үздігі және Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті сыйлығының лауреаты актриса Айсұлу Балтабаева театр саласындағы жетістіктері туралы айтып берді.
Кездесуді Оқушылар сарайының әдіскері Әсем Аипова «Төрт тоқсан - төрт өнер» ұлттық мәдени-ағарту жобасы мен «Табысқа апарар жол» жобасы аясында ұйымдастырды.
– Мұндай кездесулер балалардың жан-жақты дамуына, өз эмоцияларын, сезімдерін, жаңа адамдармен қарым-қатынасын білдіру қабілетін дамытуға көмектеседі. Балалардың театр өнеріне деген қызығушылығы артып келеді, – дейді Әсем Аипова.
Шараға дарынды балаларға арналған Абай атындағы облыстық гимназияның «Самға» театрының тәрбиеленушілері мен жетекшісі Бахаргүл Құрбанова, Аққулы ауданы А.Баймулдин атындағы орта мектебінің «Жас өрендер» театрының тәрбиеленушілері мен жетекшілері Райгүл Байшүкірова және Диана Қайсенова бірге келді. Сондай-ақ, Оқушылар сарайының «Амплуа» театр студиясы және «Қаламгер» студиясының тәрбиеленушілері қатысты.
Қонақтар жас театр сүйер қауымға театр мамандықтарының ерекшеліктері, театр тарихы және театр жоғары оқу орындарында одан әрі білім алу мүмкіндіктері туралы әңгімелеп, қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
– Бүгінгі жастарды көріп бізде қуандық. Мақтандық, марқайдық. Осындай талантты, талпынысы жоғары жастардың барына, ізденісі бар жастардың барына біз өте қуаныштымыз, – дейді Бекнұр Дастанұлы.
Шара соңында Аққулы ауданының «Жас өрендер» балалар театрының ұжымы қуғын-сүргін және ашаршылық жылдарындағы қарапайым халықтың жай-күйі туралы баяндайтын «Зұлмат заман» қойылымын көрсетсе, дарынды балаларға арналған Абай атындағы облыстық гимназияның «Самға» театрының тәрбиеленушілері Нұркен Тұрлыбектің «Жас Абай, Абайдың қара сөзі» қойылымын көрсетті.