Павлодардағы 2-ЖЭО-де хлор таралуына байланысты оқу-жаттығу өтті

Қызметкерлер химиялық қауіпке қарсы іс-қимыл алгоритмін орындап, бірлескен жұмыс үйлесімділігін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаттығу барысында кәсіпорынның азаматтық қорғаныс штабының қызметкерлері мен станция мамандары бірігіп, көршілес кәсіпорыннан шыққан хлорлы бұлтты жою іс-қимылдарын пысықтап, зардап шеккен қызметкерге алғашқы медициналық көмек көрсетті.
Оқу-жаттығуға барлығы 69 адам мен азаматтық қорғаныс құрылымдары мен ведомстводан тыс өртке қарсы қызметтің 5 техникасы қатысты.
Сценарий бойынша, ЖЭО-2 маңындағы зауыттардың бірінде хлор атмосфераға таралып, улы бұлт станция аумағына жайылған.
– Дабыл даусы естіле сала қоғамдық тәртіпті сақтау бригадалары мен санитарлық бекеттер тез арада іске қосылды. Сондай-ақ, 2-ЖЭО мен 3-ЖЭО нысандарын қорғауға арналған өртке қарсы және авариялық-құтқару бөлімшелері дайындыққа келтірілді, – деді «ПАВЛОДАРЭНЕРГО» АҚ азаматтық қорғаныс штабының міндетін атқарушы басшысы Дамир Төлеубаев.
Осы уақытта радиациялық-химиялық бақылау бекетінің мамандары ауа құрамын талдаумен айналысып жатқанда, кезекші өрт сөндіру жасағы гидранттарға автоцистерналарды қосып, су пердесін құрды. Станцияның медициналық пункті зардап шеккен маманға алғашқы көмек көрсетіп, оны ауруханаға жеткізді. Барлық құрылымдар тапсырманы сәтті орындады.
Мамандардың айтуынша, мұндай оқу-жаттығулар қызметкерлердің әрекетін үйлестіруге, төтенше жағдай кезінде жылдам әрі дұрыс шешім қабылдауға дағдыландырады. Барлық қатысушылар қойылған міндеттерді сәтті орындады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram