Павлодарда көшбасшыларға арналған білім интенсиві өз мәресіне жетті

Павлодарда көшбасшыларға арналған білім интенсиві өз мәресіне жетті
Фото: Оқушылар сарайы

Екі күнге жалғасқан шара білімінің озық деңгейін көрсетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Оқушылар сарайында Оқу-ағарту министрлігі мен Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Білім интенсиві» аяқталды. Бұл шараға еліміздің 20 өңірінен мектеп парламентінің президенттері қатысып, өзара тәжірибе алмасты.

Республикалық қосымша оқу әдістемелік қосымша білім беру орталығының директор орынбасары Жания Есенжолова бұл бастаманың маңызын ерекше атап өтті.

– Білім интенсиві – көшбасшыларды дамытуға бағытталған алғашқы жоба. Мұнда балалар тек білім алып қана қойған жоқ, сонымен қатар тренингтерге қатысып, өз ойларын еркін айтып, топпен де жұмыс жасады. Олар өз өңірлеріне барғанда алған білімдері мен тәжірибелерін мектеп өміріне енгізіп, жаңа серпін береді деп сенеміз, – дейді ол.

Жания Есенжолованың айтуынша, мектеп парламентінің жұмысы бүгінгі күнде аса қажет. Себебі кейде жасөспірімдер үлкендердің сөзін елемей, құрбы-құрдастарының ықпалына көбірек құлақ асады. Сондықтан оқушылар арасынан шыққан белсенді көшбасшылар – жастарды дұрыс жолға жетелейтін маңызды күш.

– Өзін-өзі басқару жүйесі арқылы біз оқушыларды тәрбиелеудің жаңа тәсілін ұсынамыз. Жас көшбасшылар өз қатарластарын дұрыс бағытқа бастап, жаман әдеттерден сақтай алады. Бұл – позитивті орта қалыптастыруға жасалған нақты қадам, – дейді ол.

Интенсив барысында оқушылар буллингтің алдын алу, суицид мәселесімен күресу, құқық бұзушылықты азайту жолдарын да талқылады. Бұл – бүгінгі мектеп өміріндегі өзекті тақырыптардың бірі.

– Біздің мақсатымыз – балалардың тек жақсы жолды таңдап, өз-өзін дамытуға, жетілдіруге ұмтылуы. Қатысушылардың көздерінен жалын көрдік: олардың барлығы жақсылыққа, дамуға бағытталған. Ертеңгі күні бұл көшбасшылардың артынан жаңа буын ереді деп сенеміз, – деді Жания Есенжолова.

Айта кетейік, «білім интенсиві» жобасы – жас көшбасшыларға берілген үлкен мүмкіндік. Бұл тек қана оқушылардың тәжірибе алаңы емес, сондай-ақ тәрбиелік мәні зор бастама. Осындай шаралардың арқасында Қазақстан мектептерінде жаңа буын көшбасшылар өсіп шығып, қоғамның дамуына өз үлестерін қосатыны анық.