Павлодар облысының қай аудандарында ауыл әкімі болуға үміткерлер көп?

Павлодар облысының қай аудандарында ауыл әкімі болуға үміткерлер көп?
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

2025 жылы өңірде 18 ауылдық округ әкімі сайланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері департаменті барлық кандидаттарды тексерумен айналысады. Ведомство басшысы Асхат Ескендіровтің айтуынша, жыл басынан бері 70 үміткер қарастырылып, олардың сегізі қабылданбаған.

–  Оның түрлі себептері бар: үміткерлердің бірі бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, біреудің тиісті тәжірибесі жоқ және тағы басқалары. Ауылдық округ әкімі лауазымына конкурс орта есеппен 3,3 кандидатты құрады. Бұл – ауыл әкімі лауазымына конкурстың жоғарылап бара жатқандығын көрсетеді.   Ауыл әкіміне үміткерлердің ең көп саны, яғни бес адамнан Баянауыл, Торайғыр, Ақсу және Қалқаман ауылдық округтерінде тіркелді, – деді Асхат Ескендіров. 

Жыл соңына дейін аймақта тағы 48 ауыл басшысы қайта сайланады. Жалпы Павлодар облысында барлығы 126 ауыл әкімі жұмыс істейді. Олардың 23-і – әйел адам. 

Бұдан бөлек, өңірде мемлекеттік қызметшілерінің штаттық саны 4 079 адамды құрайды. 344 бос орын бар. 

– Қазіргі таңда мемлекеттік қызметшілердің орташа жасы – 41,7, орташа еңбек өтілі  – 12,3 жыл.  Облыстық мемлекеттік органдарда 35 жасқа дейін 1015 қызметші жұмыс атқарады, – деді басқарма басшысы. 

Мемлекеттік қызметтегі әйелдердің саны 2597 адамды құрайды. 

Оған қоса, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша еліміздің барлық өңірлерінде алғаш рет жас басқарушылардың тобын қалыптастыру мақсатында өңірлік кадр резервтеріне іріктеу жүргізілді. Бүгінгі таңда 20 резервшінің ішінен сегіз адам жоғары тұрған лауазымдарға орналастырылған. 

Бұдан бөлек, зейнет жасы келген қызметкерлер егер мемлекеттік органдарға қажет болса, тек бір жылға шарт жасасып, ұзарта алады.  Павлодар облысында зейнет жасындағы отыз тоғыз адам мемлекеттік қызметте жұмыс атқарады.