Павлодарда тұрғын үй кезегінен шығып қалған әскери қызметкер сотқа жүгінді
Сот бұл істі қарастырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл жайлы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының төрағасы Әділет Бақтияров мәлім етті.
– Әскери қызмет атқаратын әйел азамат үй кезегіне тұрған. Әскери адам болған соң басшылық жұмыс бабымен оны басқа қалаға жіберген. Ол тұрғылықты мекенжайын ауыстырған соң кезектен автоматты түрде алынған. Ал әйел адам қайта оралғанда жергілікті қызметкерлер қайта кезеке тұруды ұсынған, – дейді Әділет Бақтияров.
Спикердік айтуынша, қала тұрғыны бұл әділетсіздікке келіспей, мамандандырылған сотқа жүгінген. Сот шешімі бойынша әйел адам жеңіп шықты. Алайда жергілікті бөлім істі апелляцияға берді.
Жыл басынан бері облыстық мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына 704 әкімшілік іс түскен. Сондай-ақ 65 іс қарауда болған. Түскен және қараудағы 769 істің 426-сы қайтарылды. Бұл барлық істердің 55,4 % құрайды.