Павлодар - Қызылорда жолында құжаттарсыз мал тасымалдаған жүргізуші ұсталды
Тәртіп сақшылары малды тасымалдау немесе ет өнімдерін тасымалдау кезінде тиісті құжаттар болуы керек екенін еске салады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– 26 наурызда Павлодар - Қызылорда автожолының 15 шақырымында патрульдік полиция ротасының қызметкерлері «Газель» маркалы автокөлікті тоқтатты. Жүргізушісі екі бас ірі қара мен екі жылқыны тиісті құжаттарсыз тасымалдаған. Одан әрі талқылау үшін жүргізуші мен тірі жүгі бар көлік Павлодар қаласы полиция басқармасы солтүстік полиция бөліміне жеткізілді, – деді Павлодар облысы полиция департаменті жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Азамат Күркебаев.
Сол күні патрульдік полиция ротасының қызметкерлері Стелла - Екібастұз автожолында патрульдеу барысында жүк салу бөлігінде жалпы салмағы 20 келі болатын балық тасымалдаған «Ауди-100» маркалы автомашинаны тоқтатқан. Жүргізушіде ілеспе құжаттары болмаған.
Айта кету керек, әуесқой балықшыларға құжаттарынсыз 5 келіге дейін балық тасымалдауға рұқсат етілген. Балық аулау ережелерін бұзғаны үшін ер адамға ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабы 1-бөлігі бойынша әкімшілік материал толтырылды. 10 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде әкімшілік жаза қолданылды.
Павлодар облысында 146 арнайы айып тұрағы жұмыс істейді. Жыл басынан бері айып тұрақтарына жайылымда бақылаусыз жайылып, облыстың автожолдарында кезіп жүрген 2120 бас мал қамалған. ҚР ӘҚБтК-нің 408-бабы бойынша 100-ге жуық иесі жауапкершілікке тартылды.