Павлодарға 50 жаңа автобус жеткізілді
Енді қала тұрғындары қоғамдық көлікті ұзақ күтпейтін болады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz
Облыс әкімі Асайын Байханов кондиционерлер, бейнебақылау камераларымен жабдықталған дизельді автобустарды қарап шықты. Жаңадан келген 50 автобус жуық арада жолға шығады.
Аймақ басшысы облыс орталығына жалпы 250 жаңа автобус қажет екенін атап өтті.
– Жыл басынан бері 130 жаңа автобус жеткізілді. Біртіндеп олардың санын 250-ге дейін жеткізу көзделіп отыр. Ең басты мәселе – тасымалдау сапасы шешіледі, – деді облыс әкімі.
Қала әкімі Ержан Иманзайыповтың айтуынша, автобустардың жаңа партиясы аялдамада тұратын уақыт аралығын қысқартуға мүмкінді береді. Дегенмен бұл уақыт маршруттың ұзақтығына байланысты өзгеруі мүмкін.
Жаңа қоғамдық көліктер барлық тұрғындар үшін жайлы болмақ, яғни мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін де қолайсыздық тудырмайды.
Жол ақысын қолма-қол ақшамен, банк картасымен, көлік картасымен, QR-кодпен, Kaspi арқылы және қосымша арқылы төлеуге болады.
Фото: Константин Шелков