Павлодар ауылында жыл басынан бері отыз көшеге асфальт төселді
Тағы оннан астам көше жөндеуден өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің ауыл тұрғындарымен кезекті есептік кездесуінде айтылды.
— 2026 жылдың бірінші жартыжылдығындағы негізгі бағыттардың бірі жол инфрақұрылымын дамыту болды. Ауылда жалпы ұзындығы 13,5 шақырымды құрайтын 30 көшеге асфальт төсеу жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар, жалпы ұзындығы 3,9 шақырым болатын тағы 12 көшеге күрделі жөндеу жүргізу бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптамадан өтуде, - деді қала әкімі кездесуде.
Бұдан бөлек, ауылда абаттандыру жұмыстары аясында ойын элементтерімен, демалыс аймақтарымен, жарықтандырумен және бейнебақылау жүйесімен жабдықталған төрт заманауи балалар ойын алаңы орнатылған.
— Көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту жұмыстары жалғасуда. Жыл басынан бері ауылда 521 жарық шамы ауыстырылып, бірқатар көшелерде жалпы ұзындығы 1,5 шақырымды құрайтын электр беру желілері мен тіректер жаңартылды, - деді Хасар Хабылбеков.
2026 жылдың екінші жартыжылдығында Павлодар ауылында Мұқан қаған көшесіндегі саябақты абаттандыру, екі антенна-діңгекті құрылыс орнату, жол белгілерін қою, жасанды жол кедергілерін орнату және жол таңбаларын салу жоспарлануда. Сонымен қатар, жолдарды күтіп ұстау, көшелерді жарықтандыру желілерін жөндеу және ауылдың тиісті санитарлық жағдайын қамтамасыз ету жұмыстары жалғасады.
Шаһар басшысының ауыл тұрғындарымен кездесуі 21 шілдеге дейін жалғасады.