Екібастұзда «Шахтерлер» саябағы екі жылдың ішінде жаңартылады
Жобалық-сметалық құжаты биыл дайындалады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы тікелей эфирде Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов айтты.
- «Шахтерлер» – облысымыздағы ең үлкен саябақ. Оның ауданы 25 гектардан асады. Салыстыратын болсақ, Павлодарда Металлургтер саябағы 12 гектар, Гагарин саябағы 11 гектарды алып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша біз бұл саябақта қайта құру жұмыстарын жүргіземіз. Қазірдің өзінде жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеп жатырмыз. Жыл соңына дейін дайын болады», - деді облыс әкімі.
Жөндеу жұмыстары келесі жылы басталады деп жоспарлануда.
«Саябақтың барлық аумағы екі кезеңде, яғни 2024-2025 жылдары абаттандырылады. Осылайша екібастұздықтарда демалысты тамаша өткізетін орын пайда болады», - деді Асайын Байханов.
Еске сала кетейік, жақында ел Президентінің Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде Екібастұз қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Самат Рамазанов сөз сөйлеп, саябақты абаттандыруды әкімдікке тапсыруды сұраған болатын.
Айта кетелік, «Шахтерлер» саябағының іргетасы 1950 жылы қаланған. Ол 1985 жылдың қыркүйек айында ашылған болатын.