Павлодар – Астана трассасында жол жабынындағы ақау дер кезінде анықталды

Павлодар – Астана трассасында жол жабынындағы ақау дер кезінде анықталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Мамандар ақау күрделенбей тұрып жөндеу жұмыстарын бастап, қауіпсіздік шараларын күшейтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар және Ақмола облыстарында республикалық маңызы бар цементбетон жабындысы бар автожолдарға бақылау күшейтілді. Бұған соңғы күндері ауа температурасының 36–38 градусқа дейін көтерілуі себеп болған.

22 маусым күні жоспарлы мониторинг барысында Павлодар облысындағы KAZ04 «Астана – Шідерті – Павлодар – Успен – Ресей Федерациясының шекарасы» автожолының 342+500 шақырым учаскесінде ықтимал қауіпті аймақ анықталған.

– Жол қызметінің мамандары цементбетон плиталарындағы ішкі кернеудің күшею белгілерін ерте кезеңде байқады. Бұл жағдайды уақытында анықтау жол жабынының бұзылуына жол бермеуге мүмкіндік берді, – деді «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі.

Оқиға орнында уақытша жол белгілері орнатылып, бетон плиталарындағы ішкі кернеуді төмендету жұмыстары басталды. Кейін учаскеде асфальтбетон жабындысы төселеді. Жөндеу жұмыстарына 15 маман мен арнайы техника жұмылдырылған.

Сол күні Ақмола облысындағы «Астана – Щучинск» автожолының 216-шақырымында цементбетон жабынының көтерілуі тіркелді. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін патрульдік полиция жол қозғалысын уақытша шектеп, көлік ағынын реттеу жұмыстарын жүргізді.

Мамандардың айтуынша, цементбетон жабындары жоғары температура кезінде кеңейіп, салқындағанда қайта жиырылады. Қатты ыстық пен қозғалыс қарқындылығы жоғары болған жағдайда плиталарда ішкі кернеу пайда болып, жекелеген ақаулар туындауы мүмкін.

Бұл құбылыс әлемнің көптеген елдеріндегі цементбетон жолдары үшін қалыпты жағдай саналады. Сондықтан халықаралық тәжірибеде мұндай тәуекелдердің алдын алу үшін тұрақты диагностика жүргізіліп, проблемалы учаскелер жедел жөнделеді.

Жол қызметтері жүргізушілерді уақытша жол белгілерінің талаптарын сақтауға, жөндеу жұмыстары жүріп жатқан аумақтарда жылдамдықты төмендетуге және қауіпсіз арақашықтықты ұстануға шақырды.