Павлодар облысында үш жыл ішінде барлық ауылдарда кірме жолдар жөнделеді
Биыл 42 ауылда жөндеу жұмыстары басталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс әкімдігінде өткен аппараттық жиында 2024 жылы жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлары талқыланды. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қанат Қашкировтің айтуынша, биыл жалпы сомасы 28 миллиард теңгеге ұзындығы 612 шақырым 190 жобаны іске асыру жоспарлануда.
– Облыстық автожолдар бойынша жалпы сомасы екі миллиард 300 миллион теңгеге ұзындығы 49 шақырым бес жобаны іске асыру көзделуде. Барлық жобалар бойынша мердігерлер анықталды, – деді Қанат Қашкиров.
Аудандық автожолдар бойынша жеті миллиард теңгеге ұзындығы 165 шақырымда 14 жоба қолға алынады. Басқармада өңірдегі кірме жолдар бойынша ауқымды жоспарлар тұр.
– Жалпы кірме жолдардың ұзындығы 965 километрді құрайды. Оның 355 шақырымы, яғни 114 елді мекеннің кірме жолдары жөндеуді талап етеді. Биыл 42 кірме жолды жөндеуді қамтитын 40 жобаны іске асыру жоспарлануда. Оған 7,6 миллиард теңге бөлінеді, – деді басқарма басшысы.
Оның сөзінше, 40 жобаның ішінен 25 жоба бойынша мердігерлер анықталды, 10 жобада конкурстық рәсімдер өткізіліп жатыр. Ал, бес жоба бойынша Железин, Баянауыл аудандарында және Екібастұзда құжаттар дайындалуда.
– Үш жыл ішінде барлық кірме жолдарды жөндеу жоспарланып отыр. 2025 жылы ұзындығы 94 километр 35 кірме жолды, 2026 жылы ұзындығы 119 километр 37 кірме жолды жөндейміз,–деді ол.
Қанат Қашкиров облыста көзделген жоспарларды іске асыру үшін барлық қажетті инфрақұрылым бар екенін атап өтті. Өңірде 27 асфальтбетон зауыты, 11 қиыршық тас өндіру карьері және бір битум өндіру зауыты жұмыс істейді.
Асайын Байханов бес жоба бойынша конкурстық рәсімдерді аяқтауды тездетуді және келісімшарт жасасқан мердігерлермен әр жоба бойынша нақты жұмыс кестесін бекітуді тапсырды.