Премьер-Министр: Отандық экономика күрделі сыртқы жағдайларға бейімделді

Премьер-Министр: Отандық экономика күрделі сыртқы жағдайларға бейімделді
Фото: primeminister.kz

Биыл еліміздің экономикасы тұрақты өсіп келеді, деп хабарлайды  @24KZ.

«24KZ» телеарнасына берген сұхбатында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов 2023 жылғы ЖІӨ және инфляция бойынша болжамды көрсеткіштер мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың негізгі тапсырмаларының орындалуы туралы айтты.

Премьер-Министрдің айтуынша, отандық экономика күрделі сыртқы жағдайларға бейімделді.

— Жаһандық нарықта қалыптасқан қолайсыз факторларға қарамастан, биыл еліміздің экономикасы тұрақты өсіп келеді. Егер өткен жылды 3,2% өсіммен аяқтасақ, биылғы жылдың 11 айында экономиканың өсуі 4,9%-ды құрады. Ал жылдың қорытындысы бойынша осы өсім 5%-ға жақын болады деп күтілуде, — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы экономиканың барлық негізгі салаларында оң динамика қалыптасып отырғанын атап өтті. Мәселен, құрылыста өсім 13%, саудада – 11%, байланыс секторында – 8%.

– Экономикалық өсудің негізгі драйвері инвестициялар болып табылады. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 15%-ға өсіп, 15 трлн теңгені құрады, — деп атап өтті Премьер-Министр.

Биылғы басты сын-қатерлердің бірі инфляция болды.

– Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысы Үкімет алдына инфляция деңгейін екі есеге төмендету міндетін қойды. Ол үшін Үкімет Ұлттық банкпен бірлесіп, жедел және орта мерзімді іс-шараларды жүзеге асырды. Осы жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 9,8% маңайында болады деп күтілуде. Бұл – инфляция екі есе төмендейді деген сөз. Келесі жылы біз инфляция деңгейін одан әрі, яғни 6-8%-ға дейін төмендету үшін жұмысты жалғастырамыз. Өзімізге осындай мақсат қойып отырмыз, — деді Әлихан Смайылов.