Қатыгез ана: Павлодарда шетелдік драмалық абсурд қойылды

Қойылым бірнеше жанрды тоғыстырған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ж.Аймауытов атындағы Павлодар облыстық қазақ музыка-драма театрының кезекті премьерасының тұсауы кесілді.
Театр ұжымы Бертольт Брехтің «Кураж шешей және оның балалары» және басқа да шығармаларының желісі бойынша «Пері қатын» деп аталатын драмалық абсурдты ұсынды.
Қоюшы режиссер, сценограф – Овлякули Ходжакули, аударған – Асылбек Ихсанов. Қойылымда Болат Рахимжанов дирижерлік етті. Спектакльдегі музыкалардың таңдалуына барлық қатысушы шығармашылық топ атсалысты.
Бертольд Брехттің «Кураж шешей және оның балалары» пьесасындағы оқиға Орталық Еуропадағы 1618-1648 жылдар аралығында орын алған отыз жылдық соғыс барысында өрбиді. Жүсіпбек театрының нұсқасы бойынша «Пері қатын» қойылымындағы жағдай кез-келген уақытта орын алуы мүмкін: орта ғасырда да, болашақта да.
Пері әйел өз құрсағынан шыққан үш баласына қауіп төндіріп тұрған соғыс есебінен баюды көздейді. Басты рөлді театрдың актрисасы Талжібек Атамбек сомдады.
– Маған бұл рөлді ойнау өте қиынға түсті. Біздің классикалық дүние емес, бұл – шетелдің, немістердің дүниесі. Қойылым 15 жыл соғыста өзінің күнін көріп жүрген пері қатын жайлы. Ол үш баласымен сол соғыстың арқасында пайда көріп жүрген. Әйел өліп қалған солдаттардан белбеулерін, басқа да заттарын жинап, соғысып жатқан әскерлерге, жауынгерлерге сатып, өзіне пайда түсірді. Бірақ ол үш баласын туды, яғни аналық мейірімділігі бар. Бірақ соғыс сол аналық мейірімділігін жауып тастап, жүрегін тасқа айналдырып жібереді, – деді Талжібек Атамбек.
Оның сөзінше, қойылымда пері қатын ары қарай өмірді жалғастыру үшін үш баласын да құрбандыққа шалады.
– Үлкен ұлы батыр болған, ал екінші ұлы ашық ауыз, жуас мінезді ақылдырақ. Ал соғыс кезінде жүргенде қызын бір түнде солдаттар ұрлап кетеді, сол күннен бастап ол мылқау болып қалады. Әйел басқа дүниеге, өмірге көңіл бөлейін дегенде ары қарай тағы соғыс басталып кетеді. Міне бұл әйелдің өмірі тек соғыспен өтеді. Үш баласы да өлгеннен кейін ол өз-өзін қайратқа шақырып, жүрегін тас қылып, өзінің жолын ары қарай жалғастыра береді, – деп атап өтті актриса.
Талжібек Атамбектің айтуынша, режиссер пері қатынды сомдау үшін қатыгездікті көрсету шарт болды.
– Режиссёр сұрайтын: «неге сен қатыгез бола алмайсың?», ал мен оған «мінезімде ондай жоқ» деп айттым. Бірақ мен актрисамын, рөлді шығаруым керек болды. Оны жүз пайызға шығардым деп айта алмаймын, бірақ шамам келгенше өзімнің бойымдағы актерлік қабілетіммен, өзімнің оқығаныммен, тәжірибеммен көрерменге үлкен рөлді ұсындым, – деп атпа өтті ол.
Айта кетейік, қойылым халықтың көңілінен шығу мақсатында Лондоннан танымал режиссерлердің бірі Овлякули Ходжакули арнайы келді. Ол павлодарлық өнер майталмандарымен үш ай бойы қызу дайындалып, білгендерін үйретіп, барлық рөлдің мағынасын толықтай ашқысы келді.
– Мысалы, басқа режиссерларда жүрекке салып уайымдау, қайғыру, көрерменмен бірге жылау, күлу болса, Брехттың шығармасында ойы, мақсаты, талабы – уайым қайғыға берілмеу, көрерменді жылатпау, өзің бірге жыламау және көрерменге ой тастау, – деп атап өтті басты рөлдің актрисасы.
Өз кезегінде Овлякули Ходжакули осындай қойылымды сахналауға келіскен театр ұжымының актерлердің шеберлігіне баға берді.
– Мен театрдың мұндай материалға келіскеніне өте қуаныштымын. Қойылымның түпкі мағынасын бір сөзбен жеткізу қиын болар. Әр көрермен көргеннен жеке ой түйеді. Ал Брехті бұрын-соңды сомдамаған актерлердің ойыны керемет болды. Басында жұмыс қиын болса, осында екінші рет келгенімде барлығы ойымдағыдай шықты, – деді Овлякули Ходжакули.
Оның айтуынша, драмалық абсурд дала театры, пластикалық театр, би театры және музыкалық театр сияқты бірнеше жанрдың тоғысы келтірілді.