Президент полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді құттықтады

Президент полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді   құттықтады
Фото: Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметі

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау органдарының кеңейтілген алқа мәжілісінде сөз сөйледі, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.   

– Бүгін елімізде – Полиция күні және Мемлекеттік қызметші күні аталып өтуде. Сондықтан, алдымен, еліміздегі полиция қызметкерлері мен мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мейрамдарымен құттықтаймын.  Мемлекетке қызмет ету – ең құрметті әрі аса жауапты міндет. Сіздер заң мен тәртіпті сақтауға және азаматтардың құқығын қорғауға зор үлес қосып жүрсіздер, – деді Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазір дүние жүзі алмағайып, бұлыңғыр, яғни, өте күрделі кезеңді бастан өткеруде екенін атап өтті. Осындай құбылмалы уақытта қоғамдық қауіпсіздікті сақтау, заңның мүлтіксіз орындалуын қамтамасыз ету – айрықша маңызды міндет. 

– Сол себепті, бүгін біз алғаш рет осындай құраммен жиналып отырмыз. Құқық қорғау жүйесіндегі барлық жауапты құрылымдар жұмыла жұмыс істеуі қажет.  Елімізде «Заң мен тәртіптің» қатаң сақталуына қоғам өкілдерінің қосар үлесі де орасан зор. Қазір осы жиынға орталық және жергілікті атқарушы орган басшылары, депутаттар, сарапшылар және белсенді азаматтар қатысып отыр, – деді ол.

Күштік құрылымдарды жаңғырту ісінде жаңа буынның атқаратын рөлі ерекше. Сол себепті, бүгінгі басқосуға академиялардың курсанттары да арнайы шақырылды.  Трансұлттық қылмыстық топтармен күресу үшін халықаралық ынтымақтастықты дамыту өте маңызды. Осы жерде шетелдік полиция атташелері отыр. 

Мемлекет басшысы құқық қорғау органдарымен жүргізіп жатқан халықаралық ынтымақтастық жұмысы үшін оларға ерекше ризашылығын білдірді.