Павлодарлық оқушылар Бурабайдағы мектеп-пансионатының грантын ұтты

Олардың оқуға қатысты барлық шығыны өтеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Алматыда ауыл оқушыларының ауқымды білім беру сайысы – IQanat Олимпиадасының финалы өтті. Оның іріктеу кезеңдері бүкіл ел бойынша бір жылдан бері өтіп келді. 50 мыңнан астам сегізінші сынып оқушысы жобаға қатысып, олардың ішінде үздік мың бала финалист атанды.
Олимпиада Медеу тау шатқалындағы стадионда қорытындыланып, үздік оқушыларды марапаттау рәсімі өтті. Оқушылардың бір бөлігі Бурабайдағы IQanat High School of Burabay мектеп-пансионатында білім алу грантына ие болды. Олардың оқуға қатысты барлық шығыны өтеледі. Оқушылардың екінші бөлігі IQ ADVANCED тереңдетіп оқу бағдарламасына қатысса, үшінші бөлігі IQ-IP үш жылдық бағдарламасына қосылады. Оның аясында балалар жоғары оқу орындарына түсуге онлайн дайындалады.
– Үшінші турда Павлодар облысының ауыл мектептерінің 28 оқушысы қатысты. Балалардың саяхаты қарқынды және нәтижелі болды. Алты оқушы IQanat High School of Burabay мектебінің грант иегері атанды, – деді Павлодар облысы бойынша IQanat қорының үйлестірушісі Сандуғаш Матаева.
Атап айтқанда, Баянауыл ауданының Ж.Ағаділов атындағы мектептің оқушысы Алпамыс Сапарғали, Аққулы аулының мектеп оқушысы Аннұр Қадір, Шарбақты ауданы Жаңаауыл мектебінің оқушысы Жансая Сыздықова, Май ауданы Көктөбе мектебінің оқушысы Алдияр Бейсен, Павлодар ауданы Заңғар мектебінің оқушысы Ұлжалғас Хиясбек, Ертіс ауылының №4 мектебінің оқушысы Анель Дусюнбаева Бурабайда оқиды.
Ал Ертіс ауданы Панфилов мектебінің оқушысы Диана Кабдулбариева және Железин ауылының № 2 мектебінің оқушысы Андрей Козлов қамқоршылардың атаулы гранттарына ие болды.
Тереңкөл ауданының А.Текенов атындағы № 2 мектебінің оқушысы Амир Джумалинов, Успен ауданы М. Жұмабаев атындағы мектебінің оқушысы Сабина Бабурова және Баянауыл ауданы Қаражар мектебінің оқушысы Нұртуған Қабиден IQ ADVANCED тереңдетіп оқу бағдарламасына таңдалды.
Май ауданының қамқоршысы Дәурен Төлебаев осы ауданның мектеп оқушылары Амина Рамазанова, Дарын Нұрәділ және Алдияр Бейсенге сыйлыққа ноутбуктер табыстады.
IQanat – ақылды әрі жүйелі қайырымдылықтың жарқын үлгісі. Іріктеуден кейінгі үш жыл бойы балалармен үздік ұстаздар мен менторлардың жұмыс істеуінің арқасында жоба түлектерінің 94%-ы Қазақстан мен шетелдің жетекші университеттеріне грант негізінде түседі. Бүгінде жоба түлектері әлемнің 17 елінде білім алып жатыр.
Айта кетейік, IQanat финалистері эмоциялық интеллект, көшбасшылық және кәсіпке бейімділік бойынша тесттен өтті. Бұл – іріктеудің жаңа стратегиясы. Көп жағдайда баланың жетістіктерін мектеп пәндері бойынша білімі емес, «soft skills» дағдылары айқындайды. Осылайша, биылдан бастап қорытынды тестілеудің академиялық бөлігі 80%-ды құраса, қалған 20% бөлігі «жұмсақ» дағдыларға тиесілі болады.
Тестілеу финал аптасының бір күнінде өткізілді. Уақыттың негізгі бөлігін ұйымдастырушылар балаларды оқытуға және ынталандыруға арнайды. Жасанды интеллект пен медиасауаттылықтан бастап, кәсіби бағдарлау, бұқара алдында сөйлеу және ойлау дизайнына дейінгі түрлі тақырыпта тренингтер мен дәрістер болды. Балалар танымал бизнесмен, блогерлермен кездесті, интерактивті ғылыми тәжірибелерге, reading-челлендждерге қатысты, ал ересек балалар Peer-to-Peer жобасы аясында қатысушылардың білімін толықтыруға көмектесті.