Роман Скляр Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді

Роман Скляр Павлодар облысына жұмыс сапарымен келді
Фото: ҚР Премьер-министрінің ресми ақпараттық ресурсы

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары өңірдің энергетика, өнеркәсіп және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.

Жұмыс сапары Екібастұз қаласынан басталды. Мұнда бірінші вице-премьер жылу беру маусымының өту барысымен танысты. Өңір басшысы Асайын Байханов жылумен жабдықтау желілерін жаңғырту нәтижесінде биылғы маусым қалыпты режимде өтіп жатқанын баяндады.

– 2023-2025 жылдары жалпы құны 11,3 миллиард теңгені құрайтын ЖМ-2 және ЖМ-7 жылу магистральдары қайта жаңғыртылды, оның ішінде 6,7 миллиард теңге республикалық бюджеттен бөлінген. Гидравликалық сынақтар қорытындысы бойынша 13,5 шақырым желі жөнделіп, 341 ақау жойылды. Сонымен қатар жергілікті бюджеттен қосымша 1,7 миллиард теңге бөлініп, 19 шақырым жылу желісі жөнделді, – деді ҚР Премьер-министрінің баспасөз қызметі.

Сондай-ақ Роман Скляр Екібастұз ЖЭО-дағы жаңғырту жұмыстарының барысымен танысты. «Energy Solution Center» ЖШС бас директоры Айдарбек Қыстаубаев негізгі жабдықтарды жөндеудің кешенді бағдарламасының іске асырылуы туралы баяндады.

– 2023-2025 жылдары №5-9 энергетикалық қазандықтар мен №11-15 су жылыту қазандықтарында күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Ал №6-8 қазандық агрегаттарында негізгі және кеңейтілген ағымдағы жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылды. Бұл жұмыстар Үкімет резерві мен облыс әкімдігінің қаражаты есебінен атқарылды. 2026–2027 жылдары әкімшілік-тұрмыстық кешен салу, экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін күл үйінділерін қайта жаңғырту, сондай-ақ генерациялау қуаттарын ұлғайту жоспарланып отыр, – делінген хабарламада.

Цифрландыру мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. 2025 жылы станцияда қызметкерлер үшін «ақылды каскалар» енгізілді, ал 2026 жылы еңбек қауіпсіздігін бақылауды күшейту мақсатында бейнежетондарды енгізу жоспарлануда. Роман Скляр цифрлық шешімдерді өндірістік бақылау жүйесіне толық біріктіріп, оларды практикада тиімді қолдануды қамтамасыз етуді тапсырды.

Жұмыс сапары аясында бірінші вице-премьер «Railways Systems KZ» холдингінің өндіріс алаңында болып, жалпы инвестиция көлемі шамамен 500 миллиард теңгені (976 миллион АҚШ доллары) құрайтын, жылына бір миллион тоннаға дейін жоғары сапалы болат өндіретін заманауи электрометаллургиялық зауыттың құрылысымен танысты. Кәсіпорынды іске қосу 2028 жылға жоспарланған. Жоба аясында 1000-нан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Өнім ішкі нарықпен қатар экспортқа да бағытталады, оның шамамен 40%-ы ТМД елдері мен Еуропалық одаққа жеткізілмек.

Павлодар қаласындағы ЖЭО-2 орталығында Асайын Байханов 2025–2026 жылғы жылу беру маусымының барысы туралы баяндады. Қала тұрғындарын сапалы жылумен қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 5,9 шақырым болатын ЖМ-20А жылу магистралі салынды. Сонымен қатар гидравликалық сынақтар барысында жалпы ұзындығы 7,2 шақырым желідегі 343 ақау жойылды. 2026 жылы жалпы құны 4,8 миллиард теңгеге 21 шақырым кварталішілік желіні қайта жаңғырту және 8,1 шақырым магистральдық жылу желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған.

«Павлодарэнерго» АҚ бас директоры Олег Щемель 2025 жылы ЖЭО-2 орталығында негізгі жабдықтарға жүргізілген жөндеу жұмыстары туралы есеп берді. 

– 2026–2027 жылдары станцияда жалпы құны 17,2 миллиард теңгеге қазандықтар мен турбоагрегаттарға күрделі жөндеу жүргізу, күл тазалау жүйелері мен жарықтандыруды жаңғырту, сондай-ақ заманауи цифрлық шешімдер мен IT-жүйелерді енгізу көзделіп отыр. Осындай жұмыстар ЖЭО-3 орталығында да жалпы құны 18,6 миллиард теңгеге жүзеге асырылмақ, – деп бөлісті ресми ақпараттық ресурс.

Роман Скляр жөндеу науқандары мен инвестициялық бағдарламалардың сапалы орындалуын, белгіленген мерзімдердің қатаң сақталуын, технологиялық және экологиялық талаптардың орындалуын, сондай-ақ жылу беру маусымының сенімді өтуін қамтамасыз етуді тапсырды.

Сонымен қатар жұмыс сапары барысында бірінші вице-премьер «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де болды. Кәсіпорында ауыр газойльдерді өңдеуге және ашық мұнай өнімдерінің шығымын арттыруға бағытталған SENIM-D жобасын қоса алғанда, ауқымды жаңғырту жобалары іске асырылуда. Бұдан бөлек, жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, автоматтандыру және цифрландыру жүйелерін енгізу бойынша мастер-жоспар әзірленген. Зауыт басшылығына өндірістің тиімділігін және технологиялық жарақтандырылуын арттыру жұмыстарын жалғастыру тапсырылды.

Жұмыс сапарының соңында Роман Скляр Павлодар қаласында «Болашақ мектебі» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2025 жылғы 1 қыркүйекте ашылған №48 жалпы білім беретін мектептің қызметімен танысты. 1200 оқушыға арналған білім ордасы заманауи цифрлық және инклюзивті инфрақұрылыммен жабдықталған. Бірінші вице-премьер балалардың жан-жақты дамуы үшін тең әрі қолайлы жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.

Жұмыс сапары өңірдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуына бағытталған энергетика, өнеркәсіп және әлеуметтік инфрақұрылым салаларындағы негізгі жобалардың іске асырылу барысын кешенді түрде бағалауға мүмкіндік берді.