Екібастұзда су құбыры мен кәріз желілерінің жаңғыртуы жалғасады

Қаржыландыру көздерінің бірі – кәсіпорынның кірісі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2025 жылы кәсіпорынның Инвестициялық бағдарламасы аясында Екібастұзда су құбыры және кәріз желілерін күрделі жөндеу жоспарланған. 3,5 шақырым су құбыры және 0,387 шақырым кәріз желілері жаңартылады. Бастапқыда инвестиция көлемі 806 миллион теңге деп есептелсе, ұйым 540 миллион теңге жұмсауды көздеп отыр. Жобаны қаржыландырудың негізгі көздері - амортизациялық аударымдар мен кәсіпорынның кірісі. Бұл туралы «Горводоканал» МКК директорының міндетін атқарушы Ләззат Бекбергенова хабарлады.
Ағымдағы жылдың жеті айының қорытындысы бойынша жылу электр станциясы, «Богатырь Көмір» ЖШС және «Восточный» көмір кенішінен суды тұтынудың азайғанын атап өтті. Бұл өнеркәсіптік кәсіпорындардың тиімдірек сумен жабдықтау жүйесіне көшуімен байланысты, бірақ өз кезегінде «Горводоканал» кірісіне әсер етті.
– Биыл «Богатырь Көмір» ішкі су желілерін толығымен ауыстырып, су шығынын азайтты. Осындай шаралар жылу электр орталығында да қолға алынған. Тұрғындар да суды үнемді пайдалана бастады, - деп түсіндірді спикер.
Сондай-ақ, Ләззат Бекбергенованың айтуынша, өзекті мәселелердің бірі кадр тапшылығы болып қалуда. 24 маусымда «Табиғи монополиялар туралы» заңға сумен жабдықтау, жылумен жабдықтау және энергиямен жабдықтау саласындағы қызметкерлерге бірдей еңбекақы төлеу шарттарын белгілейтін түзетулер күшіне енді. Дегенмен, тарифтік желі қайта қаралмайынша, «Горводоканал» кадрлардың тұрақтамауы деген мәселеге тап болды.
– Лайықты еңбекақыны қамтамасыз ету үшін тарифті кем дегенде отыз пайызға көтеру қажет, – дейді Ләззат Бекбергенова. — Қазір тарифтік сметаға сәйкес жалақы 233 мың теңгені құраса, жылу және энергиямен қамту саласы қызметкерлерінің жалақысы 476 мың теңгені құрап отыр.
Мамандардың есептеуінше, тариф көтерілгеннің өзінде отбасылық судың орташа төлемі айына 1500-2000 теңгеден 2600 теңгеге дейін өседі.
Еске салайық, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап сумен жабдықтау тарифі электр қуатының қымбаттауына байланысты 15 пайызға өскен болатын.