Сарбаз, студент, чемпион: бір жыл Ақсу тұрғынының өмірін қалай өзгертті?

Сарбаз, студент, чемпион: бір жыл Ақсу тұрғынының өмірін қалай өзгертті?
Фото колледждің баспасөз қызметінен

Ол бір жыл ішінде Отан алдындағы борышын өтеп, диплом алды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Ақсудың Жаяу Мұса атындағы көпсалалы колледжінде ерекше оқиға болды: екі студент емтихандарды мерзімінен бұрын тапсырып, әскери қызметке аттанды. Кейін колледж қабырғасында көптен күткен дипломын алды.

Олардың бірі – Герман Кресс. Ол тек білім алып, әскери міндетін өтеп қоймай, республикалық конкурста жеңіске жетті. Сонымен қатар, Қытайдағы беделді халықаралық тағылымдамадан өтуге де уақыт тапты.

Герман колледжге «Электр станциялары мен желілерінің электр жабдықтары» мамандығы бойынша оқуға түсті. Екінші курста оқу тәжірибесінен өтіп, өндірістегі жұмысқа қызығушылық білдіре бастаған. Оның құштарлығын колледждегі өндірістік оқыту шебері Леонид Граф байқап, Германға WorldSkills қозғалысына «Электромонтаж жұмыстары» құзыреттілігі бойынша қатысуды ұсынған.

Герман тәлімгердің жетекшілігімен облыстық және республикалық жарыстардан өтті. Аймақтық кезеңдегі жеңіс оған WorldSkills Kazakhstan ұлттық кезеңіне облыстық команда құрамында қатысуға мүмкіндік берді. Ал 2022 жылғы байқау қорытындысы бойынша «Үздіктердің үздігі» номинациясында медальон алды.

– Мен бұл жетістіктеріммен тоқтап қалмадым, дағдыларымды одан әрі жетілдірдуді мақсат еттім. Бұған менің тәлімгерім Леонид Граф, энергетика бөлімінің меңгерушісі Назира Абраева және колледж әкімшілігі зор үлес қосты. Жинақтаған тәжірибем мен білімімнің арқасында екі жыл бұрын Қазақстан чемпионатында үшінші орынға ие болдым, – дейді Герман.

Сол жылы студент ERG Skills жарысына қатысып, жеңіске жетті. Жүлде ретінде Қытайдың Сиань қаласына тағылымдамадан өтуге жолдама ұтып алды.

– Шетелдік тағылымдаманың арқасында білімімді жетілдірдім. Әріптестеріммен кәсіби дағдылармен бөлісу мүмкіндігіне ие болдым. Оқуды тәмамдаған соң біліктілікті арттыру туралы диплом табысталды, – дейді студент.

Алайда, көп ұзамай оның жоспарлары өзгерген. Герман әскер қатарына шақырту алған. Оған колледждегі кабинеттерді әскери казармаға ауыстыруға тура келген

– 2024 жылдың сәуірінде Қазақстан Республикасының Қарулы күштеріне шақырылдым. Отан алдындағы борышымды Өскемен қаласындағы 27943 әскери бөлімінде өтедім. Қызмет барысында кіші сержант шенін алдым. Бұл жыл менің мінезімді, рухымды және ерік-жігерімді нығайтты, – дейді кіші сержант.

Герман оқу үрдісін үзбей, әскери қызметті қатар алып жүру үшін емтихандарды мерзімінен бұрын тапсырған. Ал  құжатын әскерден қайтып келген соң алған. 

Қайта оралған түлектерге дипломды салтанатты түрде колледж директоры Алма Айтуарова табыстады.

– Студенттер өздерін оқуда, тәжірибеде, жұмыста және әскери қызметте жан-жақты көрсете білді. Ең бастысы, олар энергетикамен байланысты жолды таңдады. Бұл – елімізде сұранысқа ие мамандық.  Осы бағытта кез келген адам таңдай бермейді, себебі аса жауапты жұмыс, – дейді колледж директоры Алма Айтуарова.

Қазіргі уақытта Герман ЕЭК станциясында релелі қорғау және автоматика электромонтері болып жұмыс істейді. Жас маман болашағын энергетикамен байланыстырмақ. 

Айта кетейік, Жаяу Мұса атындағы Ақсудың жоғарғы көпсалалы колледжі жыл сайын 40 электрик маманын даярлайды. Бүгінгі таңда колледжден түлеп ұшатын жастардың барлығы еңбек нарығында сұранысқа ие. Олар өндірістік тәжірибеде жүрген кезінен бастап-ақ жұмысқа орналастырылады.

Ал биыл оқу орны Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Францияның беделді Academie de Paris академиясы тарапынан мойындалып, халықаралық сертификатқа ие болды. Жыл соңына дейін Павлодар облысының тағы үш колледжі халықаралық аккредитациядан өтуді жоспарлап отыр.