Павлодарда болашақ қонақ үй ресепшионисті үш тілді жетік меңгерген

Павлодарда болашақ қонақ үй ресепшионисті үш тілді жетік меңгерген
Фото: Автор

Олар қазақ, ағылшын, орыс тілдерінде еркін сөйлейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар сервис және тамақтану колледжінде жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Қонақ үй ресепшионисті» құзыреттілігі бойынша «WorldSkills Pavlodar-2025» өңірлік чемпионаты өтті.

Байқаудың мақсаты - кәсіптік-техникалық білім беруді дамыту және жұмысшы кәсіптерінің мәртебесін ілгерілету, бүкіл өңір бойынша студенттердің жеке кәсіби тәжірибесін қалыптастыру.

Қатысушылар үш тілде сынақтан өтеді. Бірінші кезеңде телефонмен қонақ үй туралы ақпарат береді, екінші кезеңде қонаққа туристік мағлұмат берсе, үшінші кезеңде қонақ үй қызметтерін ұсыну туралы ақпарат ұсынады. Төртінші кезеңде электрондық пошта арқылы нөмірлерді брондап, қонақтардың сұрауына жауап қайтарады.

–  Біз студенттердің арасында ағылшын тілінің қолданыс аясын кеңейтуді қолға алып, тілді жақсы үйрену үшін жағдай жасаймыз, – дейді колледж басшысы Гүлмира Шұғабаева.

Басшының айтуынша, студенттер үш тілді жетік білгеннен кәсіби шеберліктері артып, еңбек өнімділігі өседі. Олар еліміздің қонақтарын ана тілінде қабылдаса, шетелдік қонақтармен ағылшын тілінде еркін сөйлеседі.

Байқаудың қортындысы мамыр айының соңында жарияланады.

Еске салайық, колледж аталған байқаумен бірге «Жұмысшы мамандықтары жылы» шеңберінде «Кондитерлік іс» құзыреті бойынша «WorldSkills Pavlodar – 2025» өңірлік конкурсын өткізді.