Ертіс ауданында ауыл мектебінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға таяды

Жұмысты биыл 1 шілдеге дейін аяқтау жоспарлануда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта Панфилов мектебіне күрделі жөндеу жүргізу бойынша мердігермен жұмыстар 80% орындалды.
Ертіс ауданының әкімі Нығман Жүсіпов Майқоңыр және Панфилов жалпы орта білім беру мектептерінің күрделі жөндеу, Сілеті - Қызылағаш автожолы мен Ертіс ауылындағы ауылішілік жолдарын орташа жөндеу жұмыстарының барысымен танысты.
Майқоңыр мектебі бойынша мердігер жұмыстарды кестеге сәйкес жүргізуде, орындалған жұмыс көлемі – 45%.
– Бұл жобалардың іске асырылуы облыс әкімі Асайын Байхановтың және менің тұрақты бақылауымда, – дейді Нығман Жүсіпов.
2025 жылы Ертіс ауылында бассейні, Қызылағаш ауылында мәдени сауықтыру орталығы, Бұланбай ауылында мектеп, Ленин ауылында ауылдық дәрігерлік амбулатория салынады. 58 шақырым облыстық және аудандық маңызы бар автожолдарды жөндеу, білім беру нысандарының күрделі жөндеуі жоспарланған. Сілеті, Қараағаш, Қызылқақ ауылдарында ұялы байланыс сигналының сапасын арттыру үшін антенна-мачталық құрылғылары сатып алынады.