Сайлау-2023: электорат үшін тартыс күшейе түсті
Сайлаушыларды өз жағына қарай тарту үшін саяси партиялар не ұсынуда? Ол туралы @Pavlodarnews.kz материалын оқыңыздар.
«AMANAT» партиясының Республикалық сайлауалды штабының мүшелері Атырау облысында мұнайшылармен, кәсіпорындардың еңбек ұжымдарымен және шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарымен кездесті.
Мақат ауданының Доссор кентінде мұнайшылармен және сала ардагерлерімен кездесу өтті. Олардың айтуынша, көптеген кәсіпорында, әсіресе өзге елдің капитал үлесі бар компанияларда шетелдік және қазақстандық қызметкерлердің жалақысын есептеу кезінде әрдайым теңдік сақтала бермейді.
Ол ауданда екі мыңға жуық адамды жұмыс орынымен қамтамасыз ететін газ өңдеу зауытын салу жоспарланып отырғанын атап өтті. Сондай-ақ, партия ірі инвесторлардың бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі қағидаты бойынша облысты дамытуға қаржы құюын қадағалайды.
«Ауыл» партиясының Қостанай облысындағы филиалы Қостанай қаласында «Ауыл» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына партиялық тізімі бойынша кандидаттары қатысқан «АӨК фермерлер ата-аналарының айтумен» атты дөңгелек үстел ұйымдастырды.
Шараға «Фермерлердің ата-аналары» қатарынан отбасылық аграрлық әулеттердің негізін қалаушылар, фермерлердің ата-аналары мен туыстары, студент жастар, «Ауыл» партиясы мүшелері, АӨК, білім және мәдениет өкілдері қатысты.
«Ауыл» партиясының сайлауалды бағдарламасымен жан жақты танысқан, оның балалары айта алмай жүрген мәселелерді шешуге бағытталғанына көз жеткізген ата-ана өз тараптарынан аманаттар мен ұсыныстар берді. Жиынға қатысқан 250-ге жуық адам – ата-аналар, жастарда «Ауыл» партиясының кандидаттарымен кездесуден кейін ауылдың, ауыл шаруашығының болашағына деген үміт, жаңаша көзқарас пайда болды.
Respublica партиясы сайлауалды саяхатын жалғастыруда. Жақында Қостанай және Ақтөбе облыстарының сайлаушыларымен бір уақытта кездесулер өтті.
Бірінші күні Қостанай облысында 1000-нан артық адам қатысқан жұртшылықпен кездесу өтті. Екінші күні партиялықтар еңбек ұжымдарындағы кездесулерге көшті.
Айталық, партия мүшелері табиғи сүттен жасалатын жоғары сапалы өнім шығарумен айналысатын «МИЛХ» ЖШС, «СарыаркаАвтоПром» автомобиль жинау кәсіпорны мен «Баян сұлу» ЖШС кондитерлік фабрикасында болды. Осы уақытта Ақтөбеде Respublica партиясының мүшелері және ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттығына кандидаттар жастар, спортшылар мен өңірдегі қоғамдық пікір көшбасшыларымен жүздесті.
Шымкентте ҚХП жергілікті филиалының ұйымдастыруымен «Таза қала» іс-шарасы өтті. Онда партия өкілдері тұрғындарды қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты аялауға шақырып, ҚХП сайлауалды бағдарламасын таныстырды.
Акцияның басты мақсаты қала тұрғындарын қоршаған ортаны қорғауға, қаланы қорқыстардан тазартуға насихаттау. Шарада қатысушылар ағаш көшеттерін отырғызды, қаланың көгалдануына өз үлестерін қосты.
«Халық партиясы Қазақстанның барлық қалаларында сәулет ерекшеліктерін және оның тарихи құндылығын ескермей, ретсіз әрі тығыз салынатын құрылыстарға қарсы. Сондай-ақ, қалалар мен ауылдардағы таза ауа мен әдемі сәулетті келбетті қолдайды», – деді ұйымдастырушылар.
Қазақстанның «Байтақ» жасылдар партиясы мен Эстонияның Жасылдар партиясы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Мұндай саяси одақ Қазақстан тарихында тұңғыш рет.
Байтақтарға жас партия ретінде қазір еуропалықтардың тәжірибесі ауадай қажет. Әлемнің ескі бөлігі жасыл экономикада бірталай жетістікке жетті. Әр елде экологиялық партиялар бар, ал жеті елде жасылдар партиясы үкіметтен ойып орындарын алып отыр.
Екі партияның ойы бір арнада тоғысады – ғылым мен экологиялық білімді дамыту арқылы жасыл саясатты ілгерілету қажет. Қазақстан мен Эстония бірлескен жобаларға екі елдің үздік ғалымдарын тартуды жоспарлап отыр.
«Ақ жол» демпартиясының сайлауалды үгіт-насихат тобы ел аумағы бойынша халықпен, еңбек ұжымдарымен кездесулерін өткізуде. Қарағанды облысында «Ақжолдықтар» «Eurasian Foods» АҚ жұмыскерлерімен кездесіп, партия саяси бағдарламасының алты басым бағытын таныстырды: Тәуелсіздік және «Алаш» ұлттық идеясы, демократия және парламентаризм, сыбайлас жемқорлық және де-офшоризациямен күрес, әлеуметтік әділеттілік, нарықтық экономика және кәсіпкерлікті қолдау, сыртқы саясат. Соның ішінде кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне жан-жақты тоқталды.
Партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырған соң, кандидаттар Парламентте атқарылған жұмыстар туралы айтты. Жұмысшылар көкейдегі сұрақтарын қойды. Көпшілікті әлеуметтік әділеттілік, сыбайлас жемқорлықпен күрес, әділ сайлау мәселелері қызықтырды.
Жалпыұлттық социал-демократиялық партия (ЖСДП) барлық қазақстандар үшін тегін жоғары білім енгізуді ұсынады. Бұл білімді азаматтарымыздың шетел асуына кедергі болып, кәсіби мамандардың тапшылығына қатысты мәселені шешуге септігін тигізеді.
ЖСДП-ның бағдарламасында тегін жоғары білім қажеттілігі атап өтілген.
Статистикаға сүйенер болсақ, жыл сайын қазақстандық мектептерден түлеп ұшатын оқушылардың 60 мыңы шетелге оқуға түседі. Оған бірнеше себеп бар: білім сапасына кері әсерін тигізетін орта және жоғары білім беру мекемелеріндегі жемқорлық және ҚР-дағы тым қымбат білім ақысы. Шетелдік жоғары оқу орындарындағы білім біздің елмен салыстырғанда әлдеқайда арзан.
Фото: ашық дереккөздерден