Шарбақты ауылында әйеліне тіл тигізген азаматқа қатысты шаралар қабылданды

Жәбірленушіге психологиялық көмек көрсетілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Павлодар облысында тұрмыстық құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында өткізілген «Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында 711 азамат тұрғылықты жері бойынша тексерілді. Олардың қатарында отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында құқыққа қайшы әрекеттер жасағаны үшін профилактикалық есепте тұрғандар, сондай-ақ спирттік ішімдіктер мен есірткі заттарын теріс пайдаланатындар да бар.
Бір күн ішінде тәртіп сақшылары 66 қорғау ұйғарымын шығарып, 15 құқық бұзушыға ерекше талаптар қойды. Сонымен қатар, 13 адамға алкоголь ішуге тыйым салынып, 109 әкімшілік хаттама толтырылды.
– Мәселен, Шарбақты ауылында 36 жастағы ауыл тұрғыны үйде отырып, бірге тұратын әйеліне қарсы дөрекі сөз сөйледі. Құқық бұзушыға қатысты отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқыққа қайшы әрекеттері үшін материал жасалды, сондай-ақ қорғау ұйғарымы шығарылды. Сонымен қатар жәбірленушіге психологиялық көмек көрсетілді, – делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері «Заң мен тәртіп» қағидаты ішкі істер органдарының басты ұстанымы екенін атап өтті. Құқық бұзушылар жасаған әрекеттері үшін міндетті түрде жауап береді.
Тәртіп сақшылары тұрғындарды тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны немесе куәгері болған жағдайда 102 нөміріне немесе +7 (7182) 39-81-14 сенім телефонына хабарласуға, сондай-ақ @7_police_pvl Instagram парақшасына жазуға шақырады.