Павлодарлықтарға жол апатына түскенде қандай өтемақыға құқылы екенін айтып берді
Ережелер заңда жазылған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті анықтау басқармасы басшысының орынбасары Евгений Бровко мәлім етті.
– Жол апатында ауыр зардап шеккендерге, не болмаса қайтыс болған жағдайда жақын туыстарына өтемақы төленетіні туралы көбісі біле бермейді, – деді спикер.
Оның сөзінше, апаттан зардап шеккен, не болмаса қайтыс болған адамдардың туыстары төлем алуға құқылы. Бұл сома 2018 жылы қабылданған «Жәбірленушілерге өтемақы қоры туралы» заңда жазылған. Заңға сәйкес төлем 30-дан 50-ге дейін айлық есептік көрсеткішті құрайды.
Жәбірленуші қайтыс болған жағдайда, оның құқықтары берілген туыстары сотқа дейінгі тергеп-тексеру органына өтінішпен жүгінеді. Ол жақын қарым-қатынасты құжаттап, өтемақы аудару үшін банктік шот ұсынуы керек. Одан кейін құжаттар полиция департаментінің қаржылық қамтамасыз ету басқармасына беріледі.