Тереңкөл ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы тексерілді

Тереңкөл ауданында әлеуметтік нысандардың құрылысы тексерілді
Фото: «AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының ресми парақшасы

Депутаттар Песчаное ауылындағы спорт кешені мен су желілерін, Ивановкадағы медициналық пункт, Мәдениет үйі және мектептегі жөндеу барысымен танысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«AMANAT» партиясы Павлодар облыстық филиалының ресми парақшасының мәліметінше, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Вера Ким мен Жарқынбек Амантай, сондай-ақ облыстық мәслихат депутаты Гүлмира Нұрханова Тереңкөл ауданына жұмыс сапарымен барып, әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын аралады.

Депутаттар «AMANAT» партиясының Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатқан бірнеше маңызды құрылыс алаңында болды.

Песчаное ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы 2025 жылдың сәуірінде басталған. Қазіргі таңда жұмыстардың 25%-ы орындалды. Нысанда қоршаулар орнатылып, іргетас құю жұмыстары жүргізілуде. Жоба 2026 жылға дейін жоспарланған.

– Ивановка ауылындағы медициналық пункт партия Жол картасында бұрын проблемалық нысан ретінде көрсетілген болатын. Алайда депутат Вера Кимнің айтуынша, құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Мердігер барлық жұмыстардың апта ішінде аяқталатынына сендірді. Жақын күндері ауыл тұрғындары медициналық қызметтерге қол жеткізе алады, – делінген хабарламада.

Ивановка ауылындағы Мәдениет үйінде күрделі жөндеу биылғы сәуір айында басталған, аяқталуы тамыз айына жоспарланған. Ескі құрылымдар толық бұзылып, электр желілері, шатыр, инженерлік жүйелер, қабырғалар мен едендер жаңартылды. Қазіргі таңда соңғы әрлеу, еден жабындысын төсеу, төбе мен баспалдақ қоршауларын орнату жұмыстары жүргізілуде.

Ивановка орта мектебінде де күрделі жөндеу жүріп жатыр. Жұмысты жергілікті мердігер ұйымдар атқаруда. Мәжіліс депутаты Жарқынбек Амантай жұмыс сапасы мен қарқынын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, кей бағыттарда мердігерлер жұмыс кестесінен озып келеді. Бұл – мемлекеттік сатып алу заңнамасына енгізілген өзгерістердің арқасы, енді жергілікті компанияларға конкурс кезінде қосымша балл беріледі, – деді партия филиалының баспасөз қызметі.

Песчаное ауылындағы су тазарту құрылыстары мен су құбырларын жаңғырту мен қайта құру жұмыстары – партия мен жергілікті депутаттар тұрақты бақылауда ұстап отырған әлеуметтік маңызы бар тағы бір жоба.

«AMANAT» партиясы жобалардың орындалуын қатаң бақылауда ұстап, партиялық бақылауды басымдық ретінде сақтап келеді.