Ақтоғайдың үш ауылына Жаңа жылға дейін таза ауызсу жете ме?
Су құбырларының құрылысы әлі де жалғасып жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Бұл туралы Ақтоғай ауданының әкімі Қаршыға Арынов өзінің жеке парақшасында мәлім етті.
– Бүгін Шұға, Барлыбай, Жалаулы және Ақжол ауылдарына жұмыс сапарымен барып, мердігер ұйымдарға Жаңа жылға дейін барлық жұмыстардың аяқталу керектігі туралы ескерту бердім, – деп атап өтті аудан әкімі.
Шұға және Барлыбай ауылдарында су құбырын салу жұмыстары аяқталуда – жұмыстар 90-95%-ға орындалды. Сорғы станцияларының мұнаралары мен қоршаулары орнатылды. Алаң ішіндегі желілер бойынша жұмыстар жалғасуда.
– Жалаулы ауылында 85%-ға аяқталды. Бүгінде су жинау алаңында құдықтарды байлау ұйымдастырылуда,– деді Қаршыға Арынов.
Сондай-ақ, Ақжол ауылында спорт кешенінің құрылысы аяқталу сатысында – жұмыстар 85%-ға орындалды. Ангардың құрылысы және әрлеу жұмыстары аяқталып жатыр. Қазіргі уақытта ғимаратта және ангарда жылыту жүйесі бойынша жұмыстар белсенді жүргізілуде.
Еске сала кетейік, қараша айының соңында әкімдік аталған нысандардың құрылысы жұмыс кестеден едәуір артта қалып отырғаны туралы хабарлаған болатын. Ол кезде су құбырларының құрылысын аяқтау 20 желтоқсанға жоспарлаған.