Жасыбайда жайлы әрі қауіпсіз жағажай бой көтеруде

Жасыбайда жайлы әрі қауіпсіз жағажай бой көтеруде
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жұмыстар шілде айында аяқталады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұл туралы Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи паркі мәлімдеді.  

– Жасыбай көлінің орталық жағажайы жаңаша келбетке ие болмақ. Орталық жағажайда заманауи талаптарға сай ауқымды жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Осы айдың соңына дейін демалушылар үшін 65 күнқағар қалқа, 3 үлкен көлеңкелі шатыр, 400-ден астам жатын орындық, 3 құтқару мұнарасы орнатылады,  - делінген хабарламада. 

Сондай-ақ кеспетас пен террасалық тақтайдан жаяу жүргіншілер жолдары төселіп, душ кабиналары, санитарлық тораптар және киім ауыстыратын орындар пайдалануға беріледі. Жобаны толық аяқтау шілде айының ортасына жоспарланған. Осы уақытқа дейін жағажай аумағында медпункт, полиция және құтқарушылар бекеттері, футбол мен волейбол алаңдары, сондай-ақ балаларға арналған ойын аймағы жабдықталады.

Парк қызметкерлері жаңарған жағажай тұрғындар мен туристерге жайлы әрі қауіпсіз демалыс сыйлайтынына сенімді.