Павлодарда жиырмадан астам көшеге жөндеу жүргізіледі

Павлодарда жиырмадан астам көшеге жөндеу жүргізіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Облыс орталығында облыс әкімі Асайын Байхановтың тапсырмасы орындалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласының әкімі Хасар Хабылбековтің айтуынша, бүгінде тоғыз учаскеде жұмыстар аяқталған. Олар – Академик Сәтбаев көшесінің Ломовқа дейінгі бөлігі, Баян батыр, Мәшһүр Жүсіп, Бұқар жырау, Кривенко көшелері, сондай-ақ Авиақалашыққа, «Кастингке», Луначарский, Аймауытов және Ледовский көшелеріне апаратын жолдар.

Ледовский көшесінде жол жөндеумен қатар тротуарлар мен автотұрақ аймақтарын абаттандыру қарастырылған. Жұмыстар келесі аптада аяқталады деп жоспарланып отыр.

Сонымен қатар, Генерал Дүйсенов, Нұркин, Естай және Россиская көшелерінде жөндеу жұмыстары басталды.

Тозығы жеткен қалған учаскелер қатарында Радищев, Амангелді, Геринг, Академик Шөкин және Бекмаханов көшелері бар. Академик Шөкин көшесіндегі жұмыстар аяқталғаннан кейін мердігер ұйым Катаев көшесіне көшеді.

Негізгі жөндеу жұмыстарын маусым айының соңына дейін аяқтау жоспарланған.