Тереңкөл ауданының ауыл тұрғындары енді секірмей жүретін болды

Тереңкөл ауданының ауыл тұрғындары енді секірмей жүретін болды
Фото: автор

Фрументьевка ауылының кіреберіс жолына асфальт төселді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Верненка ауылдық округінің әкімі Алтынай Дүйсембаеваның айтуынша, келесі жылы қалған көшелер де қолға алынады. Биыл Фрументьевка ауылының кіреберіс жолына асфальт жабыны төселді. Жалпы қашықтығы 3,8 километр жолға облыстық бюджеттен 159 миллион теңге жұмсалды. Жолда 15 шақты жол белгі қойылып, ауылдың атауы тұрған белгіні ауыстырылды.

Бұрындары көлікпен жүрген кезде жолаушылар ауылға дейін секіріп жететін. Жол өте нашар болатын. Көктем кезінде батпақтан шыға алмайтынбыз. Енді міне, керемет, жақсы болып қалды, – деді ауылдық округінің әкімі. 

Жергілікті әкімдік келесі жылы Фрументьевка ауылының кіреберіс жолынан орталық көшесіне дейінгі 900 метрді асфальттауды  жоспарлап жатыр. Оған 30 миллион теңге көлеміндегі қаражат көзделген. 

– Ауылда 223 адам тұрады, 78 үй мен алты көше бар. Орта мектеп пен медпункт және мәдениет үйі жұмыс істейді. Тұрғындар мал және өсімдік шаруашылығымен айналысады. Ал үш қожалық ауылдықтарды қыс кезінде жем-шөппен қамтамасыз етіп отырады, – деді Алтынай Дүйсембаева.

Бұдан бөлек, Львовка ауылының 800 метр кіреберіс жолына асфальт төсеуді жоспарға кіргізді. Оған 24 миллион теңге көзделген. Алтынай Дүйсембаеваның сөзінше, келесі жылы Верненка ауылдық округінде жол мәселесі 100 пайызға жабылатын болады.