Аққулы ауданының ауылдарында балалар алаңдары орнатылды

Аққулы ауданының ауылдарында балалар алаңдары орнатылды

Аққулы ауданының ауылдарында бұрын-соңды балалар алаңы болмаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Аққулы ауданының ішкі саясат және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жаннұр Ахметжанованың сөзінше, алдағы уақытта елдімекендерде біртіндеп бюджетте қаржы қарастырылып, балалар алаңын орнату жоспарда бар.

–  Әр балалар алаңын орнатуға жергілікті бюджеттен 9 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді.  Бүгінде Қазы, Шабар ауылдарында ойын алаңы орнатылған. Сондай-ақ, спортпен шұғылданатын құралдар қойылды. Жалпы аудан орталығында  3016 тұрғын бар. Оның 855-і бала, – деді Жаннұр Ахметжанова.

Оның айтуынша, Мерғалым, Баймолдин, Тілектес, Қызылқоғам, Жамбыл ауылдарында және аудан орталығында үш жаңа ойын алаңы орнатылады.  

Биыл «Ауыл – ел  бесігі» бағдарламасы аясында Жамбыл ауылында мәдениет үйі, мектепте түбегейлі жөндеу жүргізілуде. Білім ордасы 2017 жылы кішігірім жөндеу жұмыстарынан өткізілген, шатыры жөнделіп, бірқатар әйнектері ауыстырылған.  138 шәкірт білім алуда.  

– Мұндағы мәдениет үйі осыған дейін  мүлдем жөндеуден өтпеген. Қос  нысан ғимаратының  ішкі және сыртқы қасбеті, әйнектері, қабырға, шатыры, электр және жылу жүйесі жөнделуде. Жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес атқарылуда, – дейді Жаннұр Ахметжанова.

Айта кетерлігі, Жамбыл ауылдық округінде 1200 тұрғын болса, оның 600-ден астамы Жамбыл ауылында тұрады.