Успен ауданында роботтандырылған тауарлы сүт фермасы салынуда
Мал шаруашылығы базасы 515 басқа арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов ауданға жұмыс сапары барысында Ковалевка ауылындағы жаңа үлгідегі роботтандырылған тауарлы сүт фермасының құрылыс барысымен танысты.
Сонымен қатар, «Саптама етік» ЖК аяқ киім тігу цехына, Успен ауылындағы мал сою алаңына барды.
Биыл тоғыз ай ішінде ауданға барлығы 5,3 миллиард теңге инвестиция тартылды. Жыл басынан бері АӨК саласында төрт инвестициялық жоба іске қосылды. 2024 жылға мектептерді, мәдениет үйлерін күрделі жөндеу, дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу, облыстық маңызы бар автокөлік жолын және ауыл ішіндегі жолдарды жөндеу жоспарланған.
Еске сала кетейік, сапар барысында Асайын Байханов 100 жылдық мерейтойын атап өткен Лозовое ауылының тұрғыны Қорлығайым Ахтамберованың үйіне барып, құттықтап шықты. Тыл еңбеккері ҰОС жылдарында астық жинап, майданға деп жылы киім-кешектер тіккен. Бейбіт кезеңде тың және тыңайған жерлерді игеруге атсалысып, тоғыз баланы дүниеге әкелген.