Павлодар облысы ойыншық бағасын ұстап тұрған аймақтардың бірі атанды

Өңір балаларға арналған тауарлардың ең аз қымбаттауы бойынша алғашқы бестіктен көрінді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Маусым айында Қазақстанда ойыншықтар бағасы өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 9,8 пайызға өсті. Energyprom.kz сайтының мәліметінше, ең көп баға өсімі балаларға арналған конструкторларға, жұмсақ ойыншықтар мен үстел ойындарына тіркелді.
Орташа республикалық көрсеткіштен жоғары баға Солтүстік Қазақстан, Атырау және Батыс Қазақстан облыстарында байқалды. Алматы және Ұлытау облыстарында ойыншық бағасы былтырғы деңгейде қалған. Ең аз өсім Маңғыстау, Қарағанды, Жетісу және Павлодар облыстарында тіркелді.
Мониторингтік агенттік сарапшыларының айтуынша, ойыншықтар мен ойындар индустриясы ата-аналардың экологиялық тауарларға қызығушылығының артуы, дәстүрлі ойыншықтар мен бейнеойындардың қайта жандануымен және мобильді ойындардың танымалдығының өсуімен кеңейіп келеді. Алайда елдегі нарықтағы сұранысты негізінен импорт қанағаттандырып отыр.