2022 жылы Павлодар облысында бензиннен салық көп түскен
Ал, өткен жылы облыста 8 млрд теңге игерілмей қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл турал облыстық әкімдікте өткен кеңейтілген отырыста өңірлік қаржы басқармасының басшысы Жеңіс Шақатов мәлім етті.
- 2022 жылы 1-3 санаттағы кірістер облыс бюджетіне 270 миллиард теңге алып келді. Өткен жылмен салыстырғанда кіріс 84,5 миллиард теңгеге өсті. Салық түсімдері бойынша жоспар 4,3 пайызға немесе 10,6 миллиард теңгеге асыра орындалды. Негізгі өсім әлеуметтік салықтар және бензинге акциздер есебінен қалыптасты, - деді Жеңіс Шақатов.
Басқарма басшысының айтуынша, өткен жылы облыста 483,1 млрд теңгенің шығыны жоспарланып, 475,1 млрд теңге игерілген. Игерілмеген қаржы көлемі 8 млрд теңгені құрады.
Бақсармалар арасында білім басқармасы 544,8 млн теңгені, құрылыс басқармасы 183,5 млн теңгені, ал қалалар мен аудандар арасында Ақсу қаласы 1 млрд теңгені игермеген.
- Қаржы игерілмеудің негізгі себебі – сот істерінің болуына байланысты. Осындай себеппен облыс бюджетінен 1,7 миллиард теңге игерілмеген. Соңғы жылдардағы тәжірибе бойынша сотта көбіне мемлекеттік сатып алуға қатысты конкурстың нәтижесіне байланысты шағымдар қаралуда. Бұндайда келісімшарт жасаудан бастап, ақысын төлеуге дейінгі барлық жұмыс тоқтап қалады, - деді Жеңіс Шақатов.
Сот істерінің болуына байланысты мектептердің күрделі жөндеуіне қатысты 482,6 млн теңге, Успен ауданындағы су құбырын салуға қатысты 417 млн теңге және өзге де қомақты ақылар төленбей қалған.
Сонымен қатар, құрылыс саласындағы жұмыстардың кестеден кешігуіне қатысты 1,6 млрд теңге игерілмей қалған.
Оразбек Саяхат
Фото: Константин Шелков