Павлодарлық кәсіпкерлер картоп бағасын көтергені үшін жазаланды
Картоптың сауда үстемесі 15%-дан асып кеткені анықталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау департаменті картопқа қатысты 10 жоспардан тыс тексеру жүргізді. Тексерулер нәтижесінде 8 кәсіпкерлік субъектісі, оның ішінде бір көтерме жеткізуші, сауда үстемесін асыра пайдаланғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Тексерулер барысында картоптың сауда үстемесі әртүрлі сауда орындарында 16,2%-дан 20%-ға дейін болғаны анықталды, бұл – заңмен белгіленген 15%-дан жоғары. Мысалы, жеке кәсіпкер картопты 330 теңгеден сатып алып, 390 теңгеден сатқан, яғни сауда үстемесі 18,2%-ды құрады.
Департамент «Сауда қызметін реттеу туралы» Қазақстан Республикасының Заңының 9-бабының 1-тармағына сәйкес, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына, оның ішінде картопқа көтерме бағадан немесе жеткізуші бағасынан 15%-дан аспайтын сауда үстемесі белгіленгенін еске салады.
Егер тұрғындар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасының жоғары екенін байқаса, олар E-otinish ақпараттық жүйесі арқылы өтініштерін жолдап, растайтын құжаттарды (тауар бағасының фотосуреті, чекті және басқаларды) қоса бере алады немесе Департаменттің сенім телефонына +7(7182)55-10-70 хабарласа алады.