Успен ауданында Telegram арқылы жалған құжат алған жүргізушіге айыппұл салынды

Успен ауданында Telegram арқылы жалған құжат алған жүргізушіге айыппұл салынды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өзбекстан азаматы шекарада жалған тіркеу куәлігін көрсеткен, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Аудандық соттың мәліметінше, жүргізуші Өзбекстаннан Ресейге Қазақстан аумағы арқылы транзитпен жүк тасымалдап келе жатқан кезде тіркемесінің тіркеу куәлігін жоғалтып алған. Телнұсқасын рәсімдеудің орнына ол Telegram мессенджері арқылы көлік құралын тіркеу туралы жалған куәлік алып, оны «Қосақ-автомобильді» өткізу бекетінде шекарашыларға көрсеткен.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында айыпталушы кінәсін толық мойындап, істі дәлелдемелерді зерттемей, бұйрықтық іс жүргізу тәртібімен қарауды сұраған.

Сот сотталушының шын өкінгенін жеңілдететін мән-жай ретінде ескерді. Ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.

Сот үкімімен ер адам Қылмыстық кодекстің 385-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 43 250 теңге айыппұл төлеуге міндеттелді. Сонымен қатар жалған тіркеу куәлігін жою туралы шешім қабылданды.

Үкім заңды күшіне енді.