Успен ауданының кітапханашылары өлкетанулық вернисаж көрсетеді
Іс-шара орталықтандырылған кітапхана жүйесі күні жобасы шеңберінде өтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
14 қарашада сағат 10:30-да С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада Успен орталықтандырылған кітапхана жүйесі «Самғатқан сан қыранды, туған өлкем» атты өлкетану жобасын ұсынады. Жоба шеңберінде Успен кітапханалары жергілікті мәдениетті сақтау орталығы ретінде өлкетанулық вернисажы ұйымдастырылады.
– Кез келген кітапхананың жұмысы кіші Отанға, сол жерде тұратын адамдарға, өз өлкесіне деген сүйіспеншілікке толы болып келеді. Әрбір кітапханашы біз өткенге, тарихымызға қызығушылық танытып жатсақ, ұрпақтар арасындағы байланыс ешқашан үзілмейді деп санайды,– деді ұйымдастырушылар.
Вернисаж бағдарламасында «Туған өлкем тарихы» иллюстрациялық - кітап көрмесі, «Жомарт жүректер жері» бейнеролигі, жергілікті өлкетанушы Г.Н.Гончарованың «Помни корни свои» кітабымен, Успен ауданының әдеби картасымен танысу, және Успен шығармашыл жастарының музыкалық нөмірлері бар.
Шараға кітапханашылар, оқырмандар және өңірдің тарихына қызығушылық танытатын адамдар шақырылады.