Павлодарлық бишілер халықаралық байқауының бас жүлдесін жеңіп алды
Байқауға Қазақстан мен таяу шет елдерден 300-ге жуық қатысушы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өткен демалыс күндері Астанада «Unistar Astana» ХХХ халықаралық көп жанрлы байқауы өтті. Павлодар облысы мен қаланың атынан «Жігер» балалар-жасөспірімдер клубының тәрбиеленушілері, сегіз бишіден тұратын «Айналайын» би студиясы қатысты.
Байқау қорытындысы бойынша 15-18 жас аралығындағы павлодарлық бишілер «Позови меня с собой» би қойылымымен байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Сол жас санатындағы екінші «Подарите немного любви» би нөмірі бірінші орынды иеленді. «Заманауи хореография» номинациясында 30-дан астам би ұжымы бақ сынады.
Би студиясының жетекшісі Зарина Сағиеваның айтуынша, оқушылар байқауға мұқият дайындалып, үздік үштікке кіруге бел буған, бірақ нәтиже күткеннен асып түсті. Байқауға қатысушылардың өнерін ұйымдастырушылар жоғары бағалады және олар байқаудың кезекті кезеңіне шақыру алды.